Баспасөз релиздері

Қазақстан мен Германия ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты

Қазақстан мен Германия ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр бастаған қазақстандық делегация Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды. Делегация құрамына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Асхат Оразбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Марат Қарабаев, ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов, сондай-ақ ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитетінің, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «Зерде» ҰИХ» АҚ басшылығы және т. б. кірді.

Сапар шеңберінде делегаттар «J. A. Woll Handels GmbH», «EOS GmbH», «Gigaset AG», «Svevind Group», «Schaeffler AG» сияқты ірі компаниялардың басшыларымен нақты келіссөздер жүргізді, онда АКТ, энергетика, сауда, машина жасау және т. б. салалардағы әлеуетті жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Осылайша, Германияның жетекші сауда желілерінің бірімен «J. A. Woll Handels GmbH» кездесуде кәсіпорынның Қазақстанда өндірісті ұйымдастыруға қатысу мүмкіндігі қарастырылды. «EOS GmbH» басшылығымен келіссөздер барысында компания Германия орталықтарына ұқсас Қазақстан аумағында инновациялық орталық және оқу курстарын ашуға мүдделілігі туралы мәлімдеді.

«Svevind Group» неміс компаниясының Президенті Вольфганг Кропппен кездесуде тараптар Қазақстанда «жасыл» сутегі өндірісі бойынша жобаны іске асыру шеңберінде ҚР Үкіметі тарапынан мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударды. Ағымдағы жылдың 13 қыркүйегінде компанияның ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевпен екі жақты кездесуі өтті, ал 6 қазанда қазақстандық делегацияның Швецияға сапары барысында «Svevind Group» компаниясымен 2031 жылға дейінгі жобаны іске асыру бойынша Жол картасына қол қойылды.


Сонымен қатар, сапар аясында әлемнің жетекші машина жасау компанияларының бірі «Schaeffler AG» алаңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың төрағалығымен іскерлік топтардың, сондай-ақ екі елдің бизнес – қоғамдастықтарының 70-ке жуық өкілінің қатысуымен «Машина жасаудағы жаңа технологиялар-цифрландыру өсу драйвері ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.


Іс-шараны ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр машина жасау саласын қоса алғанда, экономиканың түрлі салаларында Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудағы герман бизнесінің маңызды рөлін атап өтті.


«Біздің елдеріміз арасында барлық деңгейде өнеркәсіптік, сауда-экономикалық, технологиялық және басқа да салаларда бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Табысты ынтымақтастықтың жарқын мысалдарының бірі CLAAS компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша жоба болып табылады. Бұл неміс инвесторларының Қазақстандағы қызметін дамытуға деген жоғары сенімінің тағы бір дәлелі», - деді Р.Скляр.

Сондай-ақ, «Schaeffler AG» Президенті Клаус Розенфельд өзінің құттықтау сөзінде Германияның Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастығының әлеуетін жоғары бағалап, компания Қазақстанның өнеркәсіпті жаңғыртудағы өнеркәсіптік әріптесі болуға дайын екенін атап өтті.


«Германия әлемдегі машина жасау саласындағы көшбасшылардың бірі. Біз үшін инновациялық технологиялар трансферті, машина жасауда бірлескен өндірістер құру өте маңызды, Біз сондай - ақ Германия инвесторларын Қазақстанға шақырамыз», - деді Қазақстан машина жасаушылар одағының (СМЖ) Басқарма Төрағасы Мейрам Пішембаев.

Сондай-ақ, кездесу барысында Мейрам Пішембаев мұнай-газ машина жасау, тау-кен металлургиялық, агроөнеркәсіптік кешенге арналған машина жасау, жаңартылатын энергия көздері сияқты секторлар бойынша өнеркәсіптік кооперация мен бірлескен ынтымақтастықтың перспективалары туралы айтып берді.


Сонымен қатар, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ инвестициялар тартудың мемлекеттік жүйесінде қолданылатын преференциялар және Қазақстандағы шетелдік бизнестің жұмысы үшін қолайлы ахуал туғызатын басқа да құралдар туралы баяндама жасады.

«Бүгінде Қазақстан экономиканы әртараптандыруға және бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған кең ауқымды реформалар жүргізуде. Осылайша, біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастықты нығайту туралы айта отырып, ел басшылығы Германияға ерекше назар аударатынын атап өткен жөн. Болашақта осындай қолдаудың арқасында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыра бастаймыз деп үміттенемін. Біз Германиямен қарым-қатынасымызды нығайту үшін біртіндеп қадамдар жасап жатырмыз. Айта кету керек, Қазақстанды өз инвестицияларының межелі орны ретінде қарастыратын бірнеше германиялық компаниялар бар», - деді Мейіржан Юсупов.

Бұдан басқа, іс-шара аясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және Герман экономикасы шығыс комитетінің қатысуымен инвестициялық жобалар жөніндегі үйлестіру комитетінің 1-ші отырысы ұйымдастырылды, онда ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылы ГФР-ға ресми сапары барысында қол қойылған бірлескен жоспарға сәйкес инвестициялық жобалар мен уағдаластықтарды іске асыру шеңберіндегі бірлескен жұмыстың аралық қорытындылары шығарылды.


Отырыс барысында Р.Скляр бүгінгі таңда бірлескен жобаларды жүзеге асыруда белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, индустрияландыру және инвестициялар саласындағы үйлестіру комитетінің жұмыс істеуі Қазақстан мен Германия арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін мен қомақты үлес қосатыны атап өтілді.


Өз кезегінде Герман экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс екі ел арасындағы сауда-экономикалық және достық байланыстарды нығайту мақсатында Шығыс комитет қазақстандық тараппен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша одан әрі жұмыс істеу үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.

Отырыс шеңберінде Комитет бірлескен жобалардың тізбесін бекітті, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мониторингінің нәтижелері бойынша отырыстар өткізу уағдаластыққа қол жеткізілді.

Айта кету керек, қазақстандық делегацияның Германияға сапары барысында «adidas AG» және «PUMA SE» компанияларының басшылығымен кездесулер және өндірістік алаңдарды аралау ұйымдастырылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге