Баспасөз релиздері

KAZAKH INVEST пен Португалияның сауда және инвестициялар жөніндегі агенттігі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

KAZAKH INVEST пен Португалияның сауда және инвестициялар жөніндегі агенттігі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

Экономикалық ынтымақтастық перспективалары мен инвестициялық жобаларды іске асырудағы жаңа тәсілдер Португалияның сауда және инвестициялар жөніндегі агенттігі (AICEP) басшылығының Қазақстанға сапары барысында талқыланды. Жұмыс сапары аясында AICEP төрағасы Луиш Филипе де Каштру Энрикеш мырза «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесу өткізді.  Кездесуге сондай-ақ Португалия Республикасының Қазақстандағы Уақытша Сенімді өкілі Аделина Вийейра да Кунья да Силва және AICEP Төрағасының кеңесшісі Луиш Мария Пинту де Мешкита Ребелу де Соуза қатысты.

 

Келіссөздер барысында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Португалия тарапына түрлі салалық жеңілдіктерді, преференцияларды, сондай-ақ ҚР Үкіметімен инвестициялық келісім жасасу мүмкіндігін қамтитын Қазақстандағы шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі туралы ақпаратты ұсынды.


Кездесу аясында AICEP басшысы делегацияның Қазақстанға сапарының негізгі мақсаты Португалиямен екіжақты ынтымақтастыққа қатысты ел Үкіметі мен бизнесінің басымдықтарын зерттеу болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, AICEP Президенті Луиш Филипе де Каштру Энрикеш екі ел арасындағы машина жасау, АӨК, жеңіл өнеркәсіп, көлік және логистика, ЖЭК және т. б. салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамытудың үлкен әлеуетін атап өтті.

«Португалия-Еуропа елдері арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша көш бастап тұрған елдердің бірі. Біздің елімізде Еуропадағы ең ірі күн электр станцияларының бірі жұмыс істейді. Біздің компаниялар Қазақстанда осы саладағы инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі болады деп есептеймін»,- деп атап өтті AICEP Президенті.


Кездесу қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, бұл тараптарға инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі бойынша бастамаларды қолдауға, сондай-ақ өзара ынтымақтастықтың жаңа перспективалық бағыттары туралы бір-бірін хабардар етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тараптар одан әрі өзара іс-қимыл жасау, байланыстарды жолға қою және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру туралы уағдаласты.

Сапар аясында Португалия делегаттары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, АХҚО, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы», «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «QazTrade» АҚ және т. б. басшылармен бірқатар кездесулер өткізуге ниетті.

Айта кету керек, португалиялық AICEP компаниясының Қазақстанға сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшілігі және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырды.

Анықтама үшін: 2007 жылы құрылған Португалияның Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігі (AICEP) мемлекеттік ұйым болып табылады. Оның негізгі мақсаты - Португал тауарларының экспортын ілгерілету, ұлттық компаниялардың сыртқы нарықтарға шығуы және шетелдік инвестицияларды тарту. AICEP өз қызметін Португалияның Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады. Шетелде 53 өкілдігі бар.


Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге