Тунис Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделі
«KAZAKH INVEST» ҰК АҚ алаңында Ауыл, су ресурстары және балық шаруашылығы министрі генерал Адельмуним Белаатимен, Тунистің Қазақстандағы Елшісі Тарак Бен Салеммен, сондай-ақ Тунис өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер (UTICA) одағының президенті Самир Маджулмен кездесу өтті. Кездесуде тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында Адельмуним Белаати Тунис Республикасының ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі туралы айтып, елдің бизнес-қауымдастығының Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға мүдделілігін білдірді. Министрдің айтуынша, Тунис екі елде де қолдануға болатын заманауи агротехнологиялар мен инновациялар туралы білім алмасуға дайын.
Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали ұлттық компанияның қызметі, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды дамыту әлеуетіне кеңінен тоқталды. Басқарма төрағасының орынбасары Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кейіннен экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын ашуға шақырды.
Кездесу соңында елдердің өкілдері Қазақстан Республикасының аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықтың табысты дамуына үміт білдірді.