Ресейлік компания СҚО-да фармзауыт салады
«Bright Way Group» компаниясының ресейлік инвесторлары Солтүстік Қазақстан облысында фармацевтикалық зауыт салады. Аталған жобаны іске асыру бойынша уағдаластықтарға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі бастаған «KAZAKH INVEST»ҰК» АҚ-мен бірлесіп қазақстандық делегацияның Ресей Федерациясы Қорған қаласындағы инвесторлар зауытына сапары шеңберінде қол жеткізілді.
Сапар шеңберінде тараптар «Qyzyzljar» АЭА аумағында инвестициялық жобаны іске асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.
«Алдағы 5 жылға арналған дәрі-дәрмектерге деген қажеттілікті талдай отырып, біз Қазақстанда өндірісті жолға қою қажет деген қорытындыға келдік. Біз үшін жобаны іске асыру шарттары, оның ішінде мемлекет ұсынатын жеңілдіктер мен преференциялар өте тартымды болып көрінді. Бізде Қазақстандық серіктес, ROKA GROUP компаниясы бар, олармен бірге СҚО-да жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады Bright Way Group КТ Директорлар кеңесінің төрағасы Людмила Щербакова.
Жоба қуаттылығы жылына 150 млн ампула, 1 млрд таблетка және 200 млн капсула болатын фармацевтикалық зауыттың құрылысын көздейді. Шетелдік бизнесмендер жобаға $30 млн астам қаржы салады деп күтілуде.
«Бұл жоба бойынша келіссөздер өткен жылы басталды. Соңғы айларда біз белсенді түрде келіссөздер жүргізіп, ақпарат алмасып, инвесторлардың барлық сұрақтарына жауап бердік. Күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, біз Ресей Федерациясына 2 сапар жасай алдық, менің ойымша, бұл инвестордың шешіміне үлкен әсер етті. Инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі шеңберінде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігімен бірлескен үйлесімді жұмысты атап өткім келеді және олардың инвестицияларды тартуға белсенді көмегі үшін алғысымды білдіремін», - деп атап өтті «KAZAKH INVEST» ҰК»АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өңірлік директоры Данияр Шалабаев.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстан нарығында отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің үлесі шамамен 16%-ды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша елдің дәрілік қауіпсіздігі меншікті фармөндірісі кемінде 30%-бен қамтамасыз етіледі, ал Қазақстан 2025 жылға қарай өз өндірісін 50%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Анықтама: «Велфарм» ЖШҚ - BRIGHT WAY GROUP фармхолдинг базасында құрылған заманауи ресейлік толық циклды фармацевтикалық өндіруші.
Компанияның портфеліне 80-нен астам препарат кіреді, тағы 120 препарат тіркелу ал50-ден астам әзірлеу сатысында. Соңғы жылы компанияның кірісі 6,3 миллиард рубльден асты.