Баспасөз релиздері

Қазақстандағы оқиғалар бойынша

Қазақстандағы оқиғалар бойынша

1. 2022 жылғы 2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Маңғыстау облысында сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасының көтерілуіне қарсы шерулер басталған болатын. Наразылық білдірушілер бағаның бұрынғы деңгейге төмендетілуін және бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуін талап етті.

2. Президенттің тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметі азаматтардың талаптарын жедел түрде орындап, газ бағасын түсіруге бағытталған шаралар қабылдады. Бұған қоса әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының, жанар-жағармай өнімдері мен коммуналдық қызмет түрлері бағасының өсуіне мораторий енгізілді.

3. Бұған дейін өткізілген санкциясыз шерулер кезінде ұсталған адамдардың барлығы босатылды.

4. Маңғыстау облысындағы наразылық білдірушілердің талаптары орындалғаннан кейін елдің барлық ірі қалаларында осыған ұқсас талаптар көтерілген шерулер басталды.

5. 2022 жылғы 4 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды газ бағасының өсуіне қарсы митингілер кезінде арандатушылыққа бой алдырмауға, өзара сенім мен диалогқа ұмтылуға шақырды. Президент Үкімет пен жергілікті билік органдарына мәселелерді барлық мүдделі тараптармен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген диалог арқылы бейбіт жолмен шешуді тапсырды.

6. Бұл әрекеттер биліктің «Қоғам үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына бейілділігін растай отырып, оның нақты саяси ұстамдығы мен қайшылықтарды диалог арқылы шешуге деген ұмтылысын көрсетті.

7. Өкінішке орай, бірқатар ірі қалалардағы наразылық акцияларын террористік, экстремистік және қылмыстық топтар жағдайды ушықтыру үшін пайдаланып, зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады. Осыған байланысты Президент тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырып, бүкіл елде төтенше жағдай жариялады.

8. Қабылданған шараларға қарамастан, зорлық-зомбылықтың одан әрі өршуі әкімшілік кеңселерге, полиция пункттеріне, әскери базаларға, бейбіт тұрғындарға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге және журналистерге қарсы жаппай қарулы шабуыл жасауға ұласты.

9. Ең ауыр жағдай Алматы қаласында орын алды, онда террористтер әкімдікті, ҚР Президентінің жергілікті резиденциясын, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратураның қалалық бөлімшелерін, бірқатар телерадиокомпаниялардың студияларын басып алды.

Сонымен қатар, лаңкестер бортында жолаушылары бар жергілікті және шетелдік әуекомпаниялардың ұшақтары болған Алматы қаласының халықаралық әуежайын басып алды.

10. Қалыптасқан жағдай Қазақстан даярлықтан шет елдерде өткен әрі жақсы үйлестірілген террористік топтардың қарулы агрессиясына ұшырағанын көрсетті. Қолда бар алдын ала мәліметтер бойынша, шабуылдаушылар арасында «шиеленіс нүктелерінде» радикалды исламистік топтар жағында соғыс тәжірибесінен өткен адамдар болған.

Террористік топтар «ұйқыдағы ұяшықтардың» жандануына байланысты пайда болды. Өкінішке орай, Қазақстанның құқық қорғау органдары бір мезгілде әртүрлі өңірлерде болған мұндай жаппай және үйлестірілген шабуылдарға дайын болмады.

11. Егер бастапқыда Батыс Қазақстандағы шерулер бейбіт сипатта болып, әлеуметтік-экономикалық талаптарды көтерген болса, кейінгі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар қандай да бір нақты экономикалық, тіпті саяси талаптар да қоймады. Олардың әрекеттері билікпен келіссөздер жүргізуді көздемей, конституциялық құрылысты күшпен құлатуға бағытталғаны анық болды.

12. Елдегі жағдай күрт шиеленіскеніне байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметін атқаруды қолына алды. 6 қаңтарда ол елде ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жоюға және Қазақстан азаматтарының өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған терроризмге қарсы операцияны бастау туралы бұйрық берді.

13. Жағдайды объективті бағалай отырып, ҚР Президенті Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттерге Республикадағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу мақсатында бітімгершілік күштерін жіберу туралы өтініш жасауға мәжбүр болды.

14. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт пен Бітімгершілік қызмет туралы келісімнің 2 және 4-баптары, сондай-ақ ҚР Президентінің тиісті көмек көрсету туралы үндеуі ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштерін Қазақстанда орналастыру үшін құқықтық негіз болып табылады.

15. Бітімгершілік күштердің мандатына стратегиялық объектілерді күзету және қазақстандық құқық қорғау күштеріне жәрдемдесу кіреді.

16. Қазіргі уақытта Қазақстанға ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің бітімгершілік күштері келіп жатыр, олардың жалпы саны 2500 адамға жуық.

17. ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштері Қазақстан аумағында уақытша мерзімге келген және Қазақстан тарапының өтініші бойынша жағдай тұрақталғаннан кейін елден бірден кететін болады.

18. Президент Қ.Тоқаев құқық қорғау органдарына ауқымды тергеу жүргізіп, кінәлілердің барлығын жауапқа тарту үшін Тергеу тобын құруды тапсырды. Тергеу аяқталғаннан кейін оның нәтижелері халықаралық қауымдастық назарына ұсынылатын болады.

19. Қазақстан елдегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің, сондай-ақ шетелдік компаниялар мен инвесторлардың персоналы мен мүлкінің қауіпсіздігін және қорғалуын қамтамасыз етеді. Жағдай жақын арада тұрақтанады және мемлекеттің экономикалық саясаты мен инвестициялық ахуалында ешқандай өзгерістер болмайды, біздің барлық міндеттемелеріміз толық көлемде сақталады.

20. Елімізде интернетке қол жеткізу контртеррористік операцияның жүргізу барысында лаңкестік топтар мүшелерінің арасындағы байланысқа тосқауыл қою үшін уақытша шектелді.

21. 2022 жылғы 7 қаңтарда Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елде контртеррористік операция жалғасып жатқанын айтты. Полиция, Ұлттық ұлан және Қарулы күштер террористік және қылмыстық топтарды залалсыздандыру бойынша ауқымды шаралар өткізуде.

22. Бейбіт шеруге қатысушылардың ешқандай қудалауға ұшырап жатпағаны ерекше маңызға ие.

23. Қиын-қыстау кезеңдегі Қазақстан халқының ынтымағын атап өту қажет. Азаматтар Президент Қ.Тоқаевтың бейбіт өмірді қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдайды, әлеуметтік нысандарды күзету үшін халық сақшыларын құруға бастамашылық етуде.

24. Біз өзіміздің демократиямыз бен Конституциямызды радикалдар мен террористерден қорғаудамыз!

25. Өкінішке орай, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметкерлер және бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Бұл біз үшін, қаза болғандардың туыстары мен бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен қайғы.

26. Еліміздің бірқатар өңірлерінде болған қайғылы оқиғалар салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылғы 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

   Қазақстан Республикасы Сырткы істер министрлігі  





Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге