Қытайдың Циндао порты Қазақстанды Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерімен байланыстыруға дайын
Астанада «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Циндао қаласынан (Қытай Халық Республикасы) келген делегация арасында кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастық және агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, көлік және логистика, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым объектілерін салу салаларында жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Циндао қаласының халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу комитетінің департамент директоры Хэ Сяоянь өз сөзінде Циндао кәсіпорындары мен қазақстандық бизнес өкілдері арасында өзара тиімді инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты белсенді орнатуға мүдделілігін білдірді.
«Qingdao Port International Container Development» әкімшілік департаментінің директоры Сюй Сянның айтуынша, мультимодальды халықаралық порт әлемнің ең ірі нарықтарына шығу мүмкіндігі бар Сары теңіздің жағасында орналасқан. Жүк тасымалы жөнінен дүние жүзінде 4-ші орында. Сюй Сян өз сөзінде қазақстандық өнімді Циндао порты арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағы елдеріне экспорттау мүмкіндігін ұсынды. Сондай-ақ Циндао портының халықаралық контейнерлік дамуы өзара жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін ҚР-ҚХР шекарасында көлік-логистикалық орталықтың құрылысына қызығушылық танытты.
«Qingdao Conson Development» ірі қаржылық-өндірістік тобы инфрақұрылымдық нысандарды, агроөнеркәсіп кешенін, қаржы және т.б. құрылыс нысандарын салу жобаларын жүзеге асыруға мүдделі.
«Qingdao Huatong Holdings» халықаралық логистика, сауда, екіжақты инвестиция және туризм сияқты салаларда «Белдеу және жол» бастамасы аясында халықаралық ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруда.
«Qingdao Hanhe Cable» Қазақстанда кабель өнімдерін шығару жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали өз сөзінде Қазақстан мен Қытай жан-жақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынасты белсенді дамытып, тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік сектор, жаңартылатын энергия көздері және металлургия саласындағы жобаларды жүзеге асыру Қазақстан экономикасының басым бағыттарының бірі болып табылады.
«Қазіргі нақты жағдайда біз үшін сауда жолдарын әртараптандыру, оның ішінде Еуразияның ең ірі нарықтары – Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын Транскаспи халықаралық көлік бағытын дамыту басты міндет болып табылады. Сонымен қатар, осындай ірі портпен қарым-қатынасты нығайту қазақстандық өнімді жеткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді Жандос Темірғали.
Сапар барысында Қытайдан келген делегация мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесулер өткізді.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 15 қарашасында қытайлық және қазақстандық бизнес өкілдерінің қатысуымен онлайн семинар өтеді, оның мақсаты екі елдің компаниялары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, экономикалық, сауда және инвестицияны «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектесу болып табылады.
Анықтама үшін: Циндао қаласы - Шаньдун провинциясының жағалауындағы ірі өнеркәсіптік, туристік, халықаралық порт қаласы. Аумағы 11000 шаршы км, муниципалитет құрамына 7 аудан және 3 қала кіреді. 2021 жылдың соңында Циндао халқының саны 10,25 миллион адамды құрады. 2021 жылы қаланың жалпы ішкі өнімі 200 миллиард доллардан асты, бөлшек сауданың жалпы көлемі 85 миллиард долларды, импорт пен экспорттың жалпы көлемі 121 миллиард долларды құрады.