Астанада Қазақстан Президенті мен Иордания Королінің қатысуымен Қазақстан-Иордания бизнес-форумы өтті
Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейннің қатысуымен Қазақстан-Иордания бизнес-форумы өтті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және иорданиялық серіктестер ұйымдастырған шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға маңызды алаңға айналды. Форумға министрліктердің, сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері, сондай-ақ 100-ден астам қазақстандық және 50-ден астам иорданиялық компания қатысты.
Форумды аша отырып, екі елдің көшбасшылары жоғары деңгейдегі екіжақты қатынастарды атап өтіп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, логистика, білім беру және туризм салаларындағы әріптестікті кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Соңғы екі жылда екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетуде: 2024 жылдың қорытындысы бойынша ол 6,3 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,3%-ға артты. Оның ішінде Иорданиядан импорт 26,9%-ға өсіп, 2,6 млн АҚШ долларына жетті, ал Қазақстаннан экспорт 3,7 млн АҚШ долларын құрады.
Пленарлық сессия барысында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы м.а. Асан Жәкішев, Иордания Өнеркәсіп палатасының төрағасы Фатхи әл-Жагбир және Иордания Сауда палатасының төрағасы Халиль Абдель Рахман сөз сөйледі.
Өз сөзінде Ғ. Оспанқұлов 2005 жылдан бері Иорданиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 15,4 млн АҚШ долларын құрағанын, елде иорданиялық капиталдың қатысуымен 59 кәсіпорын тіркелгенін атап өтті:
«Біз екіжақты қатынастарды одан әрі кеңейту үшін зор әлеуетті көріп отырмыз. Біз үшін иорданиялық бизнестің Қазақстанға белсенді қызығушылық танытып отырғаны маңызды, және біз олардың біздің нарыққа шығуы мен ауыл шаруашылығы, фармацевтика, логистика және қайта өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», — деп атап өтті Инвестициялар комитетінің төрағасы.
Форум аясында ауыл шаруашылығы, фармацевтика, ветеринария және қаржы нарығы салаларындағы бірлескен жобаларды іске қосу мен салалық ынтымақтастықты тереңдетуді көздейтін келісімдерге қол қою рәсімі өтті.
Сонымен қатар, екі ел кәсіпкерлері арасында B2B келіссөздер өтіп, нақты жобалар мен бірлескен бастамалар талқыланды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, фармацевтикалық өндіріс және экспортқа бағытталған бірлескен кәсіпорындар құру саласындағы ұсыныстар ерекше қызығушылық тудырды.

Форум тараптардың сауда-инвестициялық диалогты жандандыруға, экономикалық байланыстарды тереңдетуге және Қазақстан мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасындағы тұрақты әріптестікті ілгерілетуге бейілділігін растады.