Баспасөз релиздері

Қазақстан мен Корея су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті

Қазақстан мен Корея су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті

Астанада су ресурстарын дамытуға арналған Қазақстан-Корея бизнес форумы өтті. Іс-шараның мақсаты – корей тәжірибесін, жаңа технологияларды, суды тазарту әдістерін, су ресурстарын тиімді пайдалануды, сондай-ақ Қазақстандағы сумен жабдықтау жүйесін жетілдіруді зерттеу.

Форумға екі елдің бизнес-қауымдастығы өкілдері, сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен экология және су ресурстары саласындағы мамандар жиналды. Іс-шара білім және тәжірибе алмасу, сондай-ақ қазақстандық және корей компаниялары арасында серіктестік орнату алаңына айналды.

Басты назар суды тазарту мәселелеріне аударылды. Корей мамандары Қазақстанда қолдануға болатын суды сүзу мен тазартудың инновациялық әдістеріне негізделген озық технологияларды ұсынды, бұл суды тиімдірек тазартуға, жоғары сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

DSC_1541.jpg

Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик құттықтау сөз сөйлеп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларына тоқталды. Елші Қазақстан Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы негізгі инвестициялық серіктесі екенін атап өтті.

DSC_1545(2).jpg

Оңтүстік Кореяның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі директорының орынбасары Кьюм Буйонг-Юк ел Үкіметінің Қазақстанмен су шаруашылығы саласындағы қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделі екенін айта келе, мұндай шаралардың өткізілуі екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қосымша серпін беретінін баса айтты.

DSC_1584.jpg

Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Инвестицияларды ынталандыру және маркетинг департаментінің директоры Нұржан Әбілқайыр Корея Республикасы Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін айтты. Соңғы 15 жылда Оңтүстік Корея ел экономикасына 6 миллиард доллардан астам инвестиция құйса, бүгінде Қазақстан нарығында корей капиталының қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның инвестициялық жобалар портфелі 5,2 млрд долларды құрайтын 61 жобадан тұрады.

Сондай-ақ шарада Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің, «Астана су арнасы», «Қазводхоз» акционерлік қоғамының және Оңтүстік Кореяның ірі K-water, K-eco және KWP компанияларының өкілдері баяндама жасады.

DSC_1574.jpg

Екі елдің өкілдері сумен қамтамасыз ету және суды тазарту саласында одан әрі ынтымақтастық пен білім алмасуға дайын екендіктерін білдірді. Бизнес-форумда өзекті экологиялық мәселелерді шешуде және тұрақты дамуды қамтамасыз етуде, әсіресе су ресурстарын басқару саласында халықаралық әріптестіктің маңыздылығы атап өтілді.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге