Баспасөз релиздері

Қазақстанда шетелдік инвесторлардың жұмыс істеу ережелері қалай өзгерді?

Қазақстанда шетелдік инвесторлардың жұмыс істеу ережелері қалай өзгерді?

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлап отырған шетелдік инвесторлар үшін визалық режим және көші-қон заңнамасы мәселелері бойынша вебинар өткізді. «PWC Kazakhstan»-мен бірлесіп ұйымдастырылған онлайн-іс-шараға ірі шетелдік компаниялардың 50-ге жуық өкілі қатысты.

KAZAKH INVEST сервистік қолдау департаментінің өкілі Алмас Хамза өз сөзінде атап өткендей, инвесторлардың мәселелері негізінен инвесторлық, іскерлік, жұмыс визасын және бизнес-көшіп келушінің визасын алумен байланысты. Сондай-ақ, мәселелер еңбек рұқсатын алуға, тұруға ықтиярхат алуға, басым жобалар бойынша инвестициялық келісімшарт жасасу шеңберінде квоталар алуға және т. б. қатысты.

«Ағымдағы жылдың ортасынан бастап рәсім жеңілдетілді және А5 санатындағы инвесторлық визаны алу шарттары жақсартылды. Инвесторлық визаға қолдаухат алуға арналған құжаттарға өтінімді egov.kz портал арқылы электрондық түрде беру енгізілді. Өтінішті портал арқылы қарау және беру мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды. Қазіргі уақытта көп мәртелі инвесторлық виза 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі, ал оның иелері еңбек рұқсатын алу қажеттілігінен босатылады.

Өзгерістер бизнес-көшіп келушінің C5 визасына да әсер етті. Қазір виза қабылдаушы тараптың шақыру хаты негізінде беріледі. Көші-қон қызметінде шақыру хатты қарау және келісу мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды. Шетелдік мекемелерде визаны ресімдеу және беру мерзімі өтініш берген сәттен бастап орта есеппен 5 жұмыс күнін құрайды», - деп атап өтті Алмас Хамза.

Сонымен қатар, KAZAKH INVEST-тің ҚХР-дағы шетелдік өкілдігінің басшысы Қуаныш Амантай ҚР қатысушыларды инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін «жұмсақ» инфрақұрылым құрылған. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау жүйесі бар, сондай-ақ АЭА аумағында жобаны іске асыру кезінде бірқатар преференцияларды алуға болады. Дауларды шешу үшін ағылшын құқығы негізінде әрекет ететін сот режимі құрылды, проблемалық мәселелер ҚР Премьер-Министрі болып табылатын инвестициялық омбудсменнің қарауына шығарылады», - деп хабарлады Қуаныш Амантай.

Іс-шара аясында сұрақтар мен жауаптардың интерактивті сессиясы ұйымдастырылды. Сессия аясында инвесторлар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауап алды.

Айта кету керек, жыл басынан бері «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ инвесторларға визалық және көші-қон мәселелері бойынша 130-дан астам кеңес берді. Сонымен қатар, шетелдіктердің 112 өтініші өңделді, олардың 98%-ы инвесторлардың пайдасына шешілді. Сондай-ақ, 7 проблемалық мәселе шешілді.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге