Баспасөз релиздері

Мемлекет басшысы CLAAS және «Alageum Electric» зауыттарына барды

Мемлекет басшысы CLAAS және «Alageum Electric» зауыттарына барды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың СҚО-ға жұмыс сапары аясында CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын ірі зауыттардың бірі ашылды.  Сапар барысында Президентке астық жинайтын комбайндар, тракторлар мен егіс кешендері көрсетіліп, өндірісті одан әрі дамыту жоспарлары туралы айтылды.

Мемлекет басшысы CLAAS компаниясының халықаралық беделін жоғары бағалап, неміс концернімен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату қажеттігін атап өтті.

«CLAAS» өнімдерінің Қазақстан нарығына келуі бұл үлкен жетістік. Бұны өте ірі инвестициялық оқиға деуге болады», - деп атап өтті кездесу барысында Президент.


Айта кету керек, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында жүзеге асырылған жоба Tucano комбайндарын, Xerion тракторларын және CERIO дестелегіштерін жинауды қамтиды. Құны шамамен 3 млрд. теңге болатын зауыт 100 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Инвесторлардың айтуынша, ағымдағы жылы зауыт базасында өндірісті жылына 500 бірлікке дейін ұлғайта отырып, 100-ге жуық техника шығарылмақ. Сонымен қатар, қазақстандық зауыттарды бүкіл әлем бойынша компанияның жаһандық жеткізушілер тізбегіне енгізе отырып, 2025 жылға дейін жергіліктендіру деңгейін 30% - ға дейін ұлғайту жоспарлануда.


 «CLAAS компаниясы Қазақстан нарығына шамамен 30 жыл бойы қатысып келеді және осы уақыт ішінде біз ел аграрилерімен ынтымақтастықтың ауқымы мен форматын дәйекті түрде кеңейттік. Қазақстандық тарап, атап айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, СҚО әкімдігі және KAZAKH INVEST үлкен жұмыс атқарды. Зауыттың ашылуы CLAAS брендінің еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін табысты дамытуға қосқан үлесін одан да салмақты етеді деп үміттенеміз», - деп атап өтті CLAAS ЕАЭО-дағы өңірлік директоры Д-р Нильс Ройч.

Оның айтуынша, АЭА-ға берілген жеңілдіктердің арқасында қазақстандық аграршылар CLAAS арзандатылған техникасына қол жеткізе алады, бұл ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігіне оң әсер етпек.

«Бүгін Петропавлда өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасының жаңа өндірісі ашылуда. 3 жыл бойы KAZAKH INVEST осы жобаны толық сүйемелдеді. Айта кету керек, бүгінгі таңда әлемнің 8 елінде CLAAS маркалы 13 зауыт бар. Бұл зауыт ТМД елдерінің арасында, Өзбекстан мен Ресей Федерациясынан кейін үшінші болады. Трансұлттық компанияларды ҚР экономикасына тарту өте маңызды. Бұл тек біздің өңір үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін тарихи күн», - деп түйіндеді СҚО KAZAKH INVESТ өңірлік директоры Данияр Шалабаев.


Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылған «Alageum Electric» Петропавл электр техникалық зауытының жұмысымен танысты.  Мемлекет басшысына трансформаторлар өндірісінің технологиялық желісі таныстырылды, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары және өндірісті одан әрі кеңейту жөніндегі жоспарлар туралы айтылды.


Инвесторлардың айтуынша, құны 10 млрд. теңге болатын жобаның қуаттылығы жылына 13 000 трансформаторды құрайды. Бұл ретте шығарылатын өнімнің 98% - ы ТМД елдеріне экспортталатын болады. Зауытта 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Айта кетейік, жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, зауыт құрылысы аймақтық бюджет кірістерін ұлғайта отырып, аумақтың экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, жоба Қазақстан нарығындағы импорттық тауар үлесін азайтып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, мұндай өндіріс Солтүстік Қазақстан облысында бірінші болып табылады.


Анықтама үшін:

«CLAAS» компанияының ассортиментіне ауыл шаруашылығы саласындағы ең заманауи ақпараттық технологиялар кіреді. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде CLAAS-та 11000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. 2020 жыл бойынша қаржы айналымы 4 млрд еуроны құрады.

«Alageum Electric» - Қазақстанның ірі электр техникалық компаниясы, электр энергетикасы, электр машина жасау және құрылыс салу саласында табысты жұмыс істейтін 30-дан астам ірі кәсіпорындар мен зауыттарды қамтиды. Кәсіпорындардың қатарында – «Кентау трансформатор зауыты "(Кентау қ.) және электр монтаждау жұмыстарын орындайтын «Электромонтаж» мамандандырылған компаниясы бар.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге