Баспасөз релиздері

Алматы әкімі америкалық World Water Works компаниясымен су тазарту жүйесін жаңғырту жайын талқылады

Алматы әкімі америкалық World Water Works компаниясымен су тазарту жүйесін жаңғырту жайын талқылады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды су тазарту саласында инновациялық шешімдерімен танымал болған америкалық World Water Works компаниясының басшыларымен жүздесті.

Кездесуге ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанғали Кинжақұлов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арғынғазинов және World Water Works компаниясының президенті Амареш Конаманени қатысты.

Тараптар Алматыда кәріз-тазарту нысанын жаңғырту бойынша бірлескен жобаны талқылады. Қазақстан тарапынан мегаполистің су бұру жүйесін жетілдіруге бағытталған жоспарын бөлісті. Ал World Water Works өкілдері АҚШ, Еуропа және Азиядағы ағын суларды тазартудың озық технологиясын таныстырды.

«Алматы үшін тазарту құрылыстарын жаңғырту және су бұру жүйесінің тиімділігін арттыру – басты басымдықтардың бірі. Бұл жобалар экологияға, алматылықтардың өмір сүру сапасына және қаланың дамуына тікелей қатысты. Біз World Water Works компаниясымен серіктес бола отырып, үлкен мүмкіндікке қол жеткіземіз. Заманауи технология енгізу арқылы ағын суларды тазарту деңгейін едәуір арттыра аламыз», – деді Дархан Сатыбалды.

Сұлтанғали Кинжақұлов мемлекет жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, экология, инфрақұрылым және сумен қамту саласына шетелдік инвесторларды тарту – ел үшін басты міндеттің бірі. Қазақстан бизнестің ұзақ мерзімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасап, барлық кезеңде қолдау көрсетіп келеді.

Өз кезегінде World Water Works компаниясының президенті Амареш Конаманени ұйымның АҚШ, Канада, Мексика, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста жобаларды сәтті жүргізіп жатқанын айтты. Енді олар Орталық Азия нарығына қадам баспақ. Сондай-ақ, ол World Water Works Астанада жұмыс бастап кеткенін және Алматыны жаңа жобаларға серпінді бағыт ретінде қарастырып отырғанын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар бірлескен жобаны егжей-тегжейін талқылауды жалғастырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында серіктестікті тереңдетуге ниет білдірді.

 

Анықтама:

World Water Works — 1998 жылы негізі қаланған американдық компания, штаб-пәтері Оклахома-Ситиде (АҚШ). Қызметінің негізгі бағыттарына су және сарқынды суларды тазарту жүйелерін жобалау, су тазарту жабдықтарын өндіру және энергия үнемдейтін технологияларды енгізу кіреді. Негізгі жобалардың қатарында БАӘ, АҚШ, Еуропа және Азиядағы тазарту қондырғылары бар.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге