Арал ауданында күн электр станциясы салынады
2022 жылдың 10 қарашасында қуаттылығы 20 МВт болатын күн электр станциясы жобасын (КЭС) таңдау бойынша аукциондар өтті.
Аукционға 2 компания қатысуға рұқсат алды. КЭС жобаларын іріктеу үшін ұсынылатын ең төменгі аукциондық баға 16,95 теңгені/кВтсағ (ҚҚС-сыз) құрады.
Аукцион қорытындысы бойынша қазақстандық «Тесис» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Жобаны Арал ауданында орналастыру жоспарлануда. КЭС үшін бөлінген аумақтың көлемі 50 гектарды құрайды. Келісімшарт бойынша пайдалануға беру 2024 жылдың аяғына дейін жоспарланған. Жобаның ұзақтығы – 20 жыл.
«Қызылорда облысы Күн энергиясын өндіру бойынша үлкен әлеуетке ие, мұнда күн сәулесінің ұзақтығы жылына 3000 сағатқа дейін. Күн электр станциясының құрылысы өңірге инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға, электр энергиясының тапшылығын ішінара жабуға, сондай-ақ атмосфераға СО2 шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді», - деді «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық директоры Мұрат Балабаев.
Еске салайық, Қызылорда облысында жалпы қуаты 89 МВт болатын 9 КЭС бар.
Айта кету керек, парниктік газдар шығарындыларын шектеу мақсатында Қазақстан 2030 жылға қарай энергобаланстың жалпы көлемінде ЖЭК пайдалану көлемін 10% - ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатты іске асыру үшін озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, ЖЭК объектілерін салудың неғұрлым тиімді жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық тетігі пайдаланылады.
Бүгінгі таңда елімізде жалпы қуаты 2325 МВт болатын 134 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. 2022 жылдың 9 айында ЖЭК объектілері өндірген электр энергиясының көлемі электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде 3 917 млн. кВт/сағ құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 21% - ға жоғары. Осылайша, ЖЭК елдегі барлық өндірілетін электр энергиясының 4,6% - құрайды.
ЖЭК инвестициялық преференциялар берілетін қызметтің басым түрлерінің тізбесіне кіреді. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы «жасыл» энергетика жобаларының инвесторларына оқыту вебинарларын ұйымдастыру, инвестициялық келісімшарттар жасасу және жобаларды сүйемелдеу арқылы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға жәрдем көрсетеді.