Түрік компаниясы Шымкентте жылыжай кешенін салады

«Alsera KZ» ЖШС Қазақстан Үкіметімен Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу жобасын жүзеге асыру бойынша Инвестициялық келісімге қол қойды. Үкімет атынан келісімге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қол қойды. Жобаны іске асыруға «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдау көрсетеді.
Жобаның мақсаты – маусымаралық импорт көлемін азайту үшін отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру. Жалпы инвестиция сомасы 650 миллион долларды құрайды, бұл 5 000 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жылыжай кешенінің жылдық өндірісі 175 000 тонна қызанақты құрайды деп жоспарлануда. Жобаны 2026 жылы іске қосу көзделген. Өткізу нарықтары – Қазақстан, Оңтүстік Корея, Жапония және Ресей Федерациясы.
Кешен маусымаралық кезеңде елде өнім тапшылығы мен қымбатшылық байқалатын уақытта жоғары сапалы көкөніс өнімдерін өндіретін болады. Сонымен қатар, жоба ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін арттыруға және озық технологияларды енгізуге бағытталған.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жобаны жүзеге асырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Қол қойылған келісім – екі тарап арасындағы өзара сенімділіктің дәлелі ғана емес, сонымен қатар табысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің үлгісі. Бұл екі жаққа да пайдасын тигізеді. Мен бұл жоба тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болатынына және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне қосымша инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін».
«KAZAKH INVEST ҰК» АҚ» Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Султанбек бұл жобаның Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторына шетелдік инвестициялар тартудағы маңызды қадам екенін айтты:
«Аталған жобаның жүзеге асырылуы елімізге және оның инвестициялық ахуалына шетелдік инвесторлардың сенім деңгейін көрсетеді. Жылыжай кешенін салу барысында енгізілетін заманауи технологиялар отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, басқа да инвесторларға үлгі болады. Инвестициялық келісім бойынша түрік инвесторы ойын алаңдарын, балабақшалар мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге міндеттенеді. Мұндай бастамалар шетелдік серіктестерге деген сенімді арттырып, олардың Қазақстандағы жобаларға одан әрі қатысуына ықпал етеді».
Жобаны жүзеге асыру логистика, өнімдерді қайта өңдеу және қаптау, сондай-ақ жаңа жеткізу тізбектерін құру сияқты ілеспе салалардың дамуына серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, жылыжай кешенінде озық технологияларды енгізу арқылы экологиялық ізді азайтуға және су мен электр энергиясы сияқты ресурстарды пайдаланудың жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.