Қазақстанда Xinfa Group компаниясының қатысуымен ірі өнеркәсіптік парк құру жоспарлануда
"KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев қытайлық Xinfa Group корпорациясының өкілдерімен кездесу өткізіп, Қазақстанда ірі инвестициялық жобаны — өнеркәсіптік парк құру перспективасын талқылады. Жоба Павлодар облысында шикізатты өндіруден бастап, өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклді интеграцияланған өндірістік кешен салуды көздейді.
Xinfa Group — Қытайдың жетекші өнеркәсіптік конгломераттарының бірі. Топ боксит пен көмір өндіру, алюминий, глинозем, электр энергиясы, химиялық өнімдер және металлургия салаларында жұмыс істейді. 2024 жылы компания Қытайдың ең ірі жеке кәсіпорындарының ұлттық рейтингінде 18-орынды иеленді.
Қазақстандағы ықтимал инвестициялық жоба тау-кен базасын (көмір, боксит, мыс, флюорит, әк тас) дамыту, глинозем, алюминий және мыс өндіретін металлургиялық өндірістер салу, жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда, энергетикалық нысандар тұрғызу, сондай-ақ сода, көміртекті материалдар және экологиялық құрылыс шешімдерін шығаратын кәсіпорындар ашуды қамтиды. Инвестиция көлемі шамамен 15 миллиард АҚШ долларын құрайды, ал болашақ индустриялық парктың жалпы ауданы 3 000 гектардан асады.
Xinfa Group өкілдері компанияның Қазақстандағы боксит, көмір және мыс кен орындарының ресурстық базасына алдын ала талдау жүргізіп, олардың өнеркәсіптік әлеуетін оң бағалағанын хабарлады. Бағалау қорытындысы бойынша Xinfa жобаны іске асырудың келесі кезеңіне өтуді және Қазақстанда өндірістік инфрақұрылым дайындауды бастауға дайын екенін растады.
Кездесуге сондай-ақ жобаны іске асыру жоспарланып отырған Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева қатысты. Ол өңірдің индустриялық паркті орналастыруға жоғары қызығушылық танытатынын және инфрақұрылым, энергетика және халықаралық көлік дәліздеріне қосылу бойынша қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
KAZAKH INVEST Басқарма төрағасы Ержан Елекеев кездесудің қорытындысы бойынша жобаның Қазақстан өнеркәсібін дамыту үшін маңыздылығын атап өтіп, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады:
«Xinfa Group жобасы — Қазақстанның өнеркәсіпке жетекші инвесторларды тарту бойынша стратегиялық көзқарасын көрсетеді. Бұл жай ғана зауыт салу емес — бұл жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграцияланған толыққанды индустриялық экожүйе қалыптастыру. KAZAKH INVEST жобаны барлық кезеңдерде жан-жақты қолдайтын болады. Біз жобаның 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, ілеспе салалардың дамуына және өңірдің экспорттық әлеуетінің өсуіне ықпал ететініне, сондай-ақ шикізат пен технологияларға тұрақты сұраныс қалыптастыратынына сенеміз», — деді ол.
Алдағы уақытта тараптар техникалық-экономикалық негіздемені егжей-тегжейлі әзірлеп, нысандарды орналастыру үшін оңтайлы алаңдарды анықтап, инвестициялық келісім дайындауға кірісуді жоспарлап отыр.