Баспасөз релиздері

Инвестициялар комитетінің төрағасы түрік инвесторларымен кездесті

Инвестициялар комитетінің төрағасы түрік инвесторларымен кездесті

Ыстанбұл қаласында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі, Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның қолдауымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің Төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов жетекші түрік компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында түрік инвесторларының Қазақстандағы ағымдағы және болашақтағы жобалары талқыланды.

S Sistem Lojistik компаниясымен кездесуде тараптар Ақтөбе облысында «Қазпошта» АҚ-мен бірлескен логистикалық орталық салу және оны басқару жобасының іске асырылу барысын талқылады. Жобаның алғашқы кезеңіне $25 миллион инвестиция салынады. Қазіргі таңда жобаның жол картасына қол қойылып, компания 10 гектар жер учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізуде. S Sistem Lojistik – логистикалық қызметтердің кешенді түрлерін ұсынуға маманданған Түркияның жетекші компанияларының бірі.

Orzax компаниясымен келіссөздер барысында Алматы қаласында биологиялық белсенді қоспалар өндірісін жолға қою жобасы талқыланды. Бұл жоба $40 миллион инвестицияны және 300 жаңа жұмыс орнын қамтиды. 2018 жылдан бастап компания Түркияның рецептсіз дәрілер нарығында көшбасшы болып табылады және өнімдерін 50-ден астам елге экспорттайды.

Iskefe Holding компаниясымен кездесуде Ғ. Оспанқұлов Алматы қаласының индустриялық аймағында желатин өндірісін ұйымдастыру жобасының іске асырылу барысымен танысты. Жобаның құны $40 миллионды құрайды, 105 жұмыс орны ашылады. Өндіріс қуаты жылына 7 000 тонна желатин болмақ.

LC Waikiki өкілдері Алматы облысында $12 миллионға бағаланған логистикалық хаб құрылысының іске асырылу барысы туралы баяндады. Жаңа хаб компанияның Орталық Азиядағы барлық филиалдарына өнімдерді таратуға арналған.

Roz Metal компаниясымен келіссөздер барысында Шымкент қаласында алюминий және мыс дайындамалар мен профильдер өндірісін құру жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Қазіргі уақытта компания құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап кетті. Roz Metal қара және түсті металдар шикізатын жеткізуші болып табылады. Бұған дейін компания Маңғыстау және Атырау облыстарында мыс, алюминий, қорғасын және жезді қайта өңдеу жобаларын жүзеге асырған.

Кездесулер барысында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Түркияның Қазақстан экономикасына стратегиялық маңызды және ірі шетелдік инвесторлардың бірі екенін атап өтіп, түрік компанияларының бастамаларын елде жан-жақты қолдауға дайын екенін білдірді.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге