Баспасөз релиздері

Астанада Қазақстан–Швейцария іскерлік кеңесінің 5-отырысы өтті

Астанада Қазақстан–Швейцария іскерлік кеңесінің 5-отырысы өтті

Елордада Қазақстан–Швейцария іскерлік кеңесінің (ҚШІК) 5-отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Швейцария Конфедерациясының Вице-президенті, Экономика жөніндегі федералдық кеңесшісі Ги Пармелен қатысты. Отырысты Stadler Rail AG компаниясы мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырып, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ қолдау көрсетті.

Кеңестің модераторы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек болды. Ол Швейцарияның Қазақстан экономикасына шамамен 36 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, еліміздегі үшінші ірі инвестор болып табылатынын, сондай-ақ машина жасау, көлік, қаржы, инновациялар және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы серіктестіктің жоғары серпінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Швейцария арасындағы инвестициялық ынтымақтастық тұрақты капитал ағымымен қатар, жоғары технологиялық жобалармен сипатталады. 2025 жылдың бірінші жартысында швейцариялық компаниялар Қазақстандағы қатысуын едәуір кеңейтті және бұл үрдіс жаңа индустриялық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерге деген қызығушылықтың артуымен жалғасуда. Швейцариялық серіктестер ұзақ мерзімді жобаларға басымдық береді, олардың қатысуы технологиялар трансферін күшейтіп, өндіріс стандарттарын арттырып, жоғары технологиялық салалардың дамуына ықпал етеді. Біздің ортақ мақсатымыз – бизнеске жаңа бастамаларды іске асыру мен ынтымақтастықты кеңейту үшін нақты құралдар ұсыну», – деді Мадияр Сұлтанбек.

Пленарлық отырыс аясында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік әріптестікті кеңейту, теміржол көлігін жаңғырту, заманауи инженерлік шешімдерді енгізу және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ делегация өкілдері экспорттық әлеуетті арттыру және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі логистикалық хаб ретіндегі рөлін атап өтті.

Отырыс қорытындысында жеті екіжақты құжатқа қол қойылды, оның ішінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Switzerland Global Enterprise (S-GE) арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Құжат тікелей инвестицияларды тарту, екі ел нарықтары туралы талдамалық ақпарат алмасу және бизнеске жаңа нарықтарға шығуда қолдау көрсету бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, машина жасау, шикізатты өңдеу, өнеркәсіптік жабдыққа сервистік қызмет көрсету, сыртқы сауда және компаниялар арасындағы кооперацияны кеңейту салаларында ынтымақтастықты дамыту туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Бағдарламаның қорытынды бөлімінде өткен B2B және B2G форматындағы кеңейтілген сессияда қазақстандық және швейцариялық компаниялар өнеркәсіп, көлік, медицина, энергетика және цифрлық технологиялар салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған тікелей келіссөздер жүргізді.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге