Оңтүстіккореялық компаниялар Қазақстанда автокомпоненттерді жергіліктендіруді қарастыруда
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның Оңтүстік Кореядағы өкілі Дәулет Сақтағанов «KIA Qazaqstan» компаниясының сатып алу департаментінің директоры Нам Чун Сикпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстанда «KIA» маркасы үшін түпнұсқа оңтүстіккореялық автокомпоненттерді өндіру бойынша жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Осылайша, тараптар KIA автокөліктері үшін орындықтар, бамперлер, дыбыс өшіргіштер және басқа да бөлшектерді түпнұсқа өндірушілер саналатын оңтүстіккореялық «SJG Sejong» және «Seoyon E-Hwa» компанияларымен ықтимал ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Компания өкілдері Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін жергіліктендірудің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, технологияларды трансферттеуге және жергілікті экономиканың дамуына елеулі ықпал етеді.
Дәулет Сақтағанов бірлескен бастамалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдіріп, Қазақстан Үкіметі осы жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге, оның ішінде инвестициялық келісімшарттар жасасу арқылы көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 148 мыңнан астам автокөлік өндіріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті. Алдағы үш жылда елімізде жаңа автомобиль зауыттарын іске қосу жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде жылдық өндірістік қуатты 350-450 мың автомобильге дейін ұлғайтады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттырып, автокомпоненттер өндірісін дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін құру біздің ел мен Оңтүстік Корея арасындағы серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз мұндай бастамалар экономикалық байланыстарды нығайтып, еліміздің автомобиль өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деп атап өтті шетелдік өкіл.
Анықтама:
Қостанай қаласында KIA автокөліктерін толық циклді өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Жаңа зауыттың жобалық қуаты жылына 70 мың автокөлік өндіріп, 1500 жоғары жалақы төленетін жұмыс орнын құруды көздейді. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл KIA компаниясының Корея Республикасынан тыс жердегі бірлескен кәсіпорын құру мен зауыт салуға бағытталған алғашқы тікелей инвестициялық жобасы болып табылады.