Баспасөз релиздері

KGIR-2024 алаңында перспективалы инвестициялық жобалар талқыланды

KGIR-2024 алаңында перспективалы инвестициялық жобалар талқыланды

Қазақстандық жаһандық инвестициялық дөңгелек үстел-2024 (KGIR-2024) аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов «AstraZeneca», «Volvo Group», «Solico Group», «S Sistem Lojistik» және «Orzax Ilac» сынды ірі компаниялардың өкілдерімен В2В форматындағы кездесулер өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

«AstraZeneca» компаниясының вице-президентімен өткен кездесуде қазақстандық өкілдер түпнұсқа дәрілік препараттар өндірісін жергіліктендіру және болашақ ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Қазіргі таңда компания Қазақстанда төрт түпнұсқа препараттарды өндіру жобасын әзірлеуде. Биылғы жылдың шілде айында жасалған ұзақ мерзімді келісімшарт аясында «AstraZeneca» Қазақстан Республикасының аумағында шартты өндіріс пен технологиялар трансферін орнатуды және тиісті өндірістік практика талаптарын (GMP) толық сақтауды жоспарлап отыр.

«Volvo Group» компаниясының өкілдерімен келіссөздер барысында тараптар Қазақстанда техникалық және сервистік орталық ашу мүмкіндіктерін қарастырды. Құны $7 млн болатын бұл орталық жанармай құю станциялары мен біліктілікті арттыруға арналған оқу орталығын қамтиды деп жоспарлануда. Швед трансұлттық концерні Volvo Group коммерциялық және жүк көліктерін, автобустарды, қозғалтқыштар мен түрлі жабдықтар шығарады. Компания 20-дан астам елде жұмыс істеп, оның өнімдері 190 елде ұсынылған. Қазіргі уақытта Қазақстанның Алматы, Атырау, Орал, Шымкент, Қостанай, Семей, Астана және Петропавл қалаларында 8 орталығы бар.

«Solico Group» өкілдерімен өткен кездесуде Қазақстанда құны $150 млн болатын фри картобын өндіретін зауыт салу мәселесі талқыланды. Бұл инвестициялық жоба фри картобын өндіруге арналған интеграцияланған зауыт құрылысына ғана емес, сонымен қатар шикізат өсіруге бағытталған фермерлік шаруашылықты дамытуға және элиталық картоп тұқымдарының импортын алмастыратын тұқымдық қор құруға да бағытталған.

«S Sistem Lojistik» компаниясының басшысы Ақтөбе облысында логистикалық орталық салу және оны басқару жоспарлары туралы айтты. Жалпы инвестиция көлемі шамамен $15 млн құрайды. Қазіргі уақытта компания «Қазпошта» АҚ-мен объектіні бірлесіп басқару туралы келіссөздер жүргізуде.

Соңында, «Orzax Ilac» компаниясымен өткен келіссөздерде тараптар Алматы қаласында $40 млн жалпы инвестиция көлемімен және шамамен 500 жұмыс орнын құрумен биологиялық белсенді қоспалар өндіру мүмкіндігін талқылады. «Orzax Ilac» өкілдері компанияның жобаны «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА аумағында жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге