Норвегиялық бизнеске Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
Осло қаласында Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктермен таныстыруға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «East Office of Norway» сауда-өнеркәсіп палатасы (Norsk Østhandelskammer), Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
Өз сөзінде Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси және экономикалық реформалар, Үкіметтің іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралары, сондай-ақ шетелдік компанияларды Қазақстанға орналастыру жөніндегі жұмыстар туралы айтты. Ол Елшіліктің Қазақстан мен Норвегия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандыруға ұмтылысын атап өтті.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ресми өкілі Сәкен Олжабаев Қазақстандағы инвестициялық ахуал, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, экономиканың өңдеуші салаларында инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын компаниялар үшін Үкімет құратын қолайлы жағдайлар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары таныстырылды.
«East Office of Norway» басқарушы директоры Ханс-Олаф Рекдал бұл Қазақстанға арналған кең форматтағы алғашқы кездесу екенін атап өтті.
«Бүгінгі іс-шара біздің одан әрі жемісті ынтымақтастығымыздың маңызды бастамасы болып табылады. Біз Қазақстан мемлекетінің Норвегиямен, Еуропамен және Жібек жолымен байланысты барлық елдермен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі күш-жігеріне таң қалдық. «East Office of Norway» әсіресе энергетика, ауыл шаруашылығы, теңіз кемелері, аквакультура және тау - кен өнеркәсібі саласындағы ұзақ мерзімді өзара әрекеттесуді күтеді», - деп атап өтті Ханс-Олаф Рекдал.
Норвегиялық кәсіпкерлер арасында балық өсіру, жаңартылатын энергия көздері, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық әлеуеті ерекше қызығушылық тудырды. Іс-шараға қатысу шеңберінде Tschudi Shipping Company AS, Aker Solutions, EPAK Nordic, Norbit, Aqua Iceberg, Offshore Communication, Leinonen, Shelby Dark Horse AS сияқты компаниялармен келіссөздер жүргізілді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Норвегия арасындағы сауда айналымы 38%-ға, яғни $117,5 млн дейін ұлғайды. Норвегияға қазақстандық экспорттың негізгі баптары бидай, алюминий, ферроқорытпалар, металл өнімдері, қозғалтқыштар және т.б. болып табылады. Өз кезегінде Норвегия Қазақстанға балық, титан кендері мен концентраттарды, тамақ өнімдерін, медициналық аспаптарды, азот тыңайтқыштарын жеткізеді.
Дөңгелек үстел соңында тараптар норвегиялық бизнес-делегацияның серіктестік әлеуетін нақты қарау үшін Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға бірлесіп келісті.