Қазақстанда хорватиялық компанияның қатысумен жаңа сүт жобасы іске қосылады
Астанада «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Хорватияның Sinitech Industries компаниясы, Швецияның Ecolean, Қазақстанның AGRO HOLDING BAYAN компаниясы және Хорватияның Қайта құру және даму банкі (HBOR) өкілдерімен кездесу өткізді.
Тараптар зиянды өндірістік жағдайларда — әсіресе тау-кен және металлургия салаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің қажеттіліктеріне бейімделген минералдандырудың инновациялық технологиясын қолдана отырып, функционалды құрғақ сүт өндіру зауытын салу жобасын талқылады. Өндіріс Астанадан 5 км қашықтықта орналасқан «Қоянды» жеке индустриялық аймағында орналастырылады. Іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған, ал жобалық қуатқа шығу 2027 жылға жоспарланған.
Sinitech Industries жобаға технологиялық серіктес ретінде қатысады, жабдықтар мен инженерлік шешімдер ұсынады. Өндіріс AGRO HOLDING BAYAN компаниясының патенттелген технологиясы негізінде жүзеге асады, оған инулинмен, дәрумендермен және ағзаны детоксикациялауға ықпал ететін басқа да компоненттермен байыту әдістері кіреді. Қаптама шешімі ретінде Ecolean жеңіл және экологиялық таза қаптамасы таңдалды — компания осы өнімді жеткізуге дайын.
Жобаны қаржыландыру тетіктері де жеке талқыланды. HBOR өкілдері құрылыс кезеңінде жабдық пен инфрақұрылымды қаржыландыруға қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.
Мадияр Сұлтанбек бұл жоба Қазақстанның терең өңдеуді дамыту және әлеуметтік бағыттағы экспортқа бағытталған өндірісті құру бойынша басымдықтарын көрсететінін атап өтті.
«Бұл жоба — әлеуметтік және экспорттық әсері жоғары қазіргі заманғы индустриялық кооперацияның үлгісі. Өндіріс тек қосылған құны жоғары өнім шығарумен шектелмей, еңбеккерлердің денсаулығын қорғауға бағытталған нақты міндеттерді шешуге жұмылдырылатын болады. Біз тарапымыздан барлық кезеңде — рұқсат құжаттарын ресімдеуден бастап экспортты қолдауға дейін толық сүйемелдеу көрсетеміз».
Жоба экспортқа да бағдарланған. Ішкі тұтынудан бөлек, өнім ЕАЭО, ЕО, Қытай, БАӘ, Түркия және Африка елдеріне жеткізіледі. Зауыт 53 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етіп, отандық шикізатқа сұраныс тудырады.
Жақын арада тиісті келісімдерге қол қойылып, өндірістік және логистикалық инфрақұрылымды келісу бойынша белсенді кезең басталады. KAZAKH INVEST бұл жобаны инвесторларға арналған «бір терезе» қағидасы бойынша әрі қарай да сүйемелдейтін болады.
Айта кету керек, жоба алдын ала құрылымдалып, KAZAKH INVEST инвестициялық ұсыныстар платформасына орналастырылды, сондай-ақ жалпы құны 10 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициялық тизер форматында халықаралық серіктестерге ұсынылды. Бұл бастама шетелдік инвесторлар мен қаржы институттарының назарын аудартуға мүмкіндік берді. Жобаны ілгерілету жұмыстары жалғасуда — KAZAKH INVEST қазақстандық кәсіпкерлердің экспорттық және әлеуметтік әлеуеті жоғары бастамаларына инвесторлар тартуға белсенді түрде жалғастырады.