Қытайлық компания Қазақстанда көміртекті бейтараптық жобасын жүзеге асыруда
Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, ҚР Экология және табиғи ресурстар Министрлігі және «Xi`an Lvhuan Forest Technology Service Co. Ltd» екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Ынтымақтастық салалары Қазақстанның барлық аумағында ормандарда, шалғындарда, сулы-батпақты жерлерде, таза энергетикада, топырақтарда, өзендерде, көлдерде көміртекті сіңіргіш активтерді дамыту жобаларын іске асыруды, тәжірибе және ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар өткізуді қамтиды. Бұл келісімге Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» экономикалық бастамасы және ҚР-ның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы шеңберінде қол қойылды.
«Xi`an Lvhuan Forest Technology Service Co. Ltd» экономиканың түрлі салаларында, оның ішінде орман және шабындық шаруашылығы, жаңа технологияларды зерттеу, әзірлеу және ілгерілету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сату, өңдеу, тасымалдау, сақтау және басқа да ілеспе қызметтер саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат мәселелері бойынша консультацияларды жүзеге асыратын мемлекеттік компания болып табылады.