Баспасөз релиздері

Қазақстан-Иран экономикалық байланыстары жаңа деңгейге көтерілді

Қазақстан-Иран экономикалық байланыстары жаңа деңгейге көтерілді

Астанада АХҚО алаңында Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырған Қазақстан-Иран инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. Шараның мақсаты – елдер арасындағы инвестициялық және сауда қатынастарын тереңдету.

Дөңгелек үстелге ирандық іскер топ делегациясы, екі елдің мемлекеттік мекемелері, ұлттық даму институттары, салалық және аймақтық бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Іс-шараға барлығы 80-нен астам қатысушы қатысты.

Иран Ислам Республикасы Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі болып табылады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды ынталандыруға және өзара қорғауға бағытталған елдер арасында бірқатар үкіметаралық келісімдер бар.

Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 440,1 млн долларды, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында – 303,1 млн долларды құрады. 2005 жылдан бері Ираннан Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестиция көлемі шамамен 159 млн долларды құрады, оның басым бөлігі экономиканың аграрлық және өнеркәсіптік секторларына бағытталған. Ирандық кәсіпкерлер 4 жобаны іске қосты, құны 122,6 млн доллар болатын 9 жоба әзірлеу және іске асыру сатысында.

DSC_0937_изм.jpg

Дөңгелек үстелді ашқан Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісі Маджид Самадзаде Сабер елдер арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталып, бұл шара инвестициялық байланыстардың кеңеюіне, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруда белсенді қатысуға ықпал ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар, Елші дөңгелек үстелді Қазақстан мен Иран мемлекет басшыларының өзара сапарларынан кейін басталған екі ел арасындағы белсенді жақындасудың қисынды жалғасы деп атады.

DSC_0955_изм.jpg

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев тату көршілік қарым-қатынастың нығаюы, екі елдің үлкен экспорттық әлеуетті ескере отырып Азия мен Еуропаның нарықтарын байланыстыратын Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Түркия темір жолының іске қосылуы екі елдің экономикалық дамуына оң әсер ететіні сөзсіз деді. Ол сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар барлық салаларда жоғары өсу динамикасын көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға ирандық инвестицияның көлемі 16,5 миллион АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 есеге көп.

DSC_0981_изм.jpg

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали өз сөзінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ ұлттық компанияның қызметі туралы айтты. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылдың маусым айында Иранның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп Тегеранда инвестициялық форум ұйымдастырылып, оның нәтижесінде 230 миллион доллардан асатын 12 құжатқа қол қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан елді әлемдік нарықтармен, оның ішінде Иран аумағы арқылы байланыстыратын көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыруға мүдделі.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел аясында Иран Ұлттық Сауда, өнеркәсіп, кен, ауыл шаруашылығы палатасы президентінің орынбасары және «Didas» компаниясының бас директоры Мохаммад Амирзаде, «QazTrade CRTP» АҚ бас директорының орынбасары Айбек Сағынаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директоры Нияз Көшкімбаев, «Самұрық-Қазына Инвест» АҚ бас директорының орынбасары Ербол Әбдіразақов, ҚИФҚ Басқарма төрағасының орынбасары Елжас Отыншиев презентациялар жасады.

Шара соңында Қазақстан тарапының өкілдері мен олардың ирандық әріптестері арасында екіжақты кездесулер өтті. Кездесулер барысында жаңа бірлескен инвестициялық жобалар талқыланды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Иран Ислам Республикасында жұмыс сапарымен жүр, оның негізгі мақсаты сауда-экономикалық және транзиттік-көліктік салаларындағы ынтымақтастықту дамыту болып табылады.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге