Баспасөз релиздері

Қазақстан PDAC-2025 көрмесінде тау-кен саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Қазақстан PDAC-2025 көрмесінде тау-кен саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Торонто қаласында (Канада) геология және тау-кен өнеркәсібі саласындағы әлемдегі ең ірі көрмелердің бірі PDAC-2025 аясында «Инвестициялар, жеткізілім тізбектері және ұлттық заңнама» атты төртінші панельдік сессия өтті. Іс-шараға қазақстандық және халықаралық компаниялардың өкілдері, инвесторлар және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Негізгі баяндамалардың бірін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Габидулла Оспанкулов жасады.

Панельдік сессия барысында Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту бойынша стратегиялық бастамалары, тау-кен саласындағы жеткізілім тізбектерін дамыту және қолайлы бизнес-климат қалыптастыру мақсатында ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қазақстандық делегация пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы перспективалық жобаларды, сондай-ақ шетелдік инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін таныстырды. Ерекше назар инфрақұрылымды дамытуға, реттеуші жағдайларды жақсартуға және жаһандық жеткізілім тізбегі аясында жаңа серіктестік мүмкіндіктеріне аударылды.

"Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында және табиғи ресурстарды игеру бойынша айтарлықтай әлеуетке ие. Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, ел аумағында 5000-нан астам зерттелмеген сирек және сирек кездесетін металдар кен орындары бар, олардың жалпы құны 46 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстан бүгінде 34 маңызды шикізат түрінің басым бөлігін өндіріп отыр, ал 2029 жылға қарай пайдалы қазбалар өндіру көлемін 40%-ға арттыруды жоспарлауда. Ғаламдық деңгейде стратегиялық металдарға сұраныстың артуы жағдайында Қазақстан халықаралық компаниялар үшін сенімді әріптес болып қала береді", – деп атап өтті ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Габидулла Оспанкулов.

Талқылаулар барысында қатысушылар жоғары технологиялық салалар үшін қажет сирек жер металдары, мыс, литий және уран өндірісінің даму перспективаларын қарастырды. Қазақстан шикізатты өңдеу және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін инвестициялар тартуды жалғастыруда, бұл өз кезегінде тұрақты жеткізілім тізбектерін қалыптастыруға және елдің жаһандық нарықтарға интеграциялануына ықпал етеді.

Көрме аясында қазақстандық делегация Teck Resources, First Quantum Minerals, Cameco, Major Drilling, Nutrien және BHP сияқты жетекші халықаралық компаниялар өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, технологиялық даму, шикізатты өңдеуге инвестициялар салу және өндірістерді жергілікті деңгейде дамыту мәселелері талқыланды.

PDAC-2025 Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялық әлеуетін таныстыру және халықаралық серіктестермен жаңа іскерлік байланыстар орнату үшін маңызды алаңға айналды. Қазақстандық делегация көрме аясында бизнес және инвесторлармен кездесулерін жалғастырады, сондай-ақ алдағы күндері жоспарланған екіжақты келіссөздерге қатысады.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге