Қазақстан мен Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Астана қаласында Қазақстан экспорттаушыларының екінші форумы аясында екі елдің бизнес және мемлекеттік құрылымдары өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан мен Қытай сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбында Конференция өтті. Іс-шарада ҚР инвестициялық ахуалының тұсаукесерімен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев сөз сөйледі.
Конференцияны құттықтау сөздерімен ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Сычуань провинциясының Вице-губернаторы Цзо Юнсян мырза ашты. Олар сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудің үлкен әлеуетін атап өтті.
Ұлттық компания төрағасы қатысушыларға елдің инвестициялық тартымдылығы, KAZAKH INVEST қызметі және мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, қытайлық серіктестерді одан әрі ынтымақтастыққа шақырды.
«Мультимодальды логистика мүмкіндіктері мен көптеген трансконтинентальдық бағыттардың арқасында Қазақстан Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасының негізгі қатысушыларының бірі болып табылады. Біз еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін, сондай-ақ әлемдік саудадағы рөлімізді кеңейтуге тырысамыз. Бұл тұрғыда Қытай біздің стратегиялық серіктесіміз», – деді Е. Елекеев.
KAZAKH INVEST Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі басшысы Дәулет Әліби шағын және орта бизнесті дамытуға арналған панельдік сессияда сөз сөйледі. Ұлттық компания өкілі қатысушыларды Қазақстандағы бизнестің қарқынды дамуы және елдің экономикалық әлеуетін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан саясат, оның ішінде Қытай инвестицияларын тарту арқылы хабардар етті.
Өткізілген іс-шара Қытаймен сауда және инвестицияларды дамытумен айналысатын мамандар мен компаниялар үшін үлкен оқиға болды. Ол серіктестік орнату және өзекті мәселелерді талқылау үшін бірегей платформа ұсынды.