Қазақстан мен АҚШ шамамен $17 млрд сомаға 29 келісімге қол қойды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарының қорытындысы бойынша жалпы құны шамамен 17 млрд АҚШ долларын құрайтын 29 екіжақты құжатқа қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, энергетика, білім беру, цифрландыру және инновациялар салаларын қамтиды. Бұл келісімдер екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
Осылайша, Air Astana мен Boeing әуе компаниясының ұзақ қашықтыққа ұшатын әуе кемелері паркін 18 ұшаққа жаңарту және кеңейту туралы ниет хатына қол қойды. Құжатқа сәйкес, «Air Astana» АҚ Boeing компаниясынан кең фюзеляжды Boeing 787-9 ұшақтарын сатып алады. Келісімнің жүзеге асуы жолаушылар тасымалдау әлеуетін арттырып, Қазақстаннан Еуропаға, АҚШ-қа, Азия мен Таяу Шығысқа тікелей әуе қатынастарын ашуға мүмкіндік береді. Алғашқы жеткізілімдер 2026 жылы басталады.
Сонымен қатар, «Тау-Кен Самрук» ұлттық тау-кен компаниясы мен Cove Capital инвестициялық компаниясы Қарағанды облысындағы Солтүстік Катпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 1,1 млрд АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ вольфрам шикізатын қайта өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару қуаттарын іске қосу жоспарланып отыр. Атап өтсек, Солтүстік Катпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындары әлемдегі ең ірілердің қатарына кіреді, JORC стандарттары бойынша вольфрам қоры 410 мың тоннаны құрайды.
«Самұрық-Қазына» АҚ және Ashmore инвестициялық компаниясы Қазақстанда алғашқы халықаралық брендті көпсалалы клиника құруды жоспарлап отыр. Бұл нысан Орталық Азиядағы медициналық хабқа айналмақ. Жоба Ashmore Healthcare International еншілес компаниясы арқылы, жаһандық клиникалық серіктестің қатысуымен іске асырылады және шамамен 150 млн АҚШ долларын инвестициялауды көздейді. Жаңа клиника заманауи медициналық технологияларды енгізіп, халықаралық денсаулық сақтау стандарттарын іске асыру арқылы Қазақстанның аймақтағы заманауи медицинаның орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, Eurasia Group AG және John Deere компаниялары арасында жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойылуы болды. Құжатқа сәйкес, Қостанай және Түркістан қалаларында орналасқан «АгромашХолдинг KZ» кәсіпорындары базасында John Deere маркалы кемінде 3 000 ауылшаруашылық техникасын шығару, үш сервис орталығын салу, кадрларды даярлау жүйесін дамыту және Қазақстан Республикасын ТМД елдеріне арналған John Deere ауылшаруашылық техникасы қосалқы бөлшектерінің өңірлік хабы ретінде тану көзделген.
1Thirty Holding (AsiaColor) және BCIU арасында Америка Құрама Штаттарында вертикалды интеграцияланған химия кешенін салу жобасын іске асыру туралы өзара түсіністік меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі шамамен 130 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында ұнтақ жабындары мен полиэфирлі шайырлар өндіретін заманауи кәсіпорынның құрылысы жоспарланған. Бұл – Қазақстанның АҚШ-тағы алғашқы өнеркәсіптік инвестициялық жобасы болып табылады және ол отандық бизнестің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ Chemelex LLC және Мұнай-газ машина жасауын дамыту халықаралық орталығы (IMBC) арасында шамамен 20 млн АҚШ долларына тең өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстанда өздігінен реттелетін жылыту кабельдерін жергіліктендіру мен өндіруді көздейді және мұнай-газ және тау-кен металлургия салаларының қажеттіліктерін қамтамасыз ету, импортты алмастыру бағытында бірлескен кәсіпорын құруды қарастырады.
Цифрландыру мен жасанды интеллект саласында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Hewlett Packard Enterprise (HPE), сондай-ақ Oracle East Central Europe Limited компаниялары арасында жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл әріптестік келісімдер өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу жүйелері саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған.
Сапар аясында сондай-ақ министрлік пен Beeline Kazakhstan компаниясы арасында Starlink компаниясының Direct to Cell технологиясын енгізу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл технология қашықтағы аймақтардағы абоненттерге қосымша құрылғыларсыз байланыста болуға мүмкіндік береді. Бұл қадам Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен байланыс қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды бастама болып табылады.
Авиация саласында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен америкалық BETA Technologies компаниясы арасында электр авиациясы мен интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжат тәжірибе алмасуды, пилоттық жобаларды жүзеге асыруды және электрлі ұшу аппараттары мен заманауи мобильділік технологиялары саласындағы инновациялық шешімдерді ілгерілетуді қамтиды. Бұл Қазақстанда экологиялық әрі ақылды көлік шешімдерін енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар, министрлік, Joby Aero Inc. және Alatau Advance Air Group Ltd. арасында шамамен 300 млн АҚШ долларына тең меморандумға қол қойылды. Жоба Қазақстанда аэротакси жүйесін дамыту мен eVTOL Aircraft ұшу аппараттарын жеткізуді көздейді. Бұл өз кезегінде қалалық мобильділіктің жаңа инновациялық шешімдерін енгізуге жол ашады.
Қаржы-инвестиция саласында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы (ҰБ НИК) әлемнің жетекші қорларымен – Brookfield Asset Management, Cerberus Capital Management және Ashmore Investment Advisors Corporation – жалпы құны 1 млрд АҚШ долларына жуық үш келісімге қол қойды. Құжаттар Қазақстанда инфрақұрылымды, жеке капитал мен қарыз нарығын дамытуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды құруды көздейді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Visa компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат электрондық үкімет инфрақұрылымын дамыту және цифрлық төлемдерді кеңінен қолдануды арттыруға бағытталған. Меморандум аясында «Ұлттық төлем карталары» АҚ базасында инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге арналған құзыреттер орталығын құру, қаржы нарығында биометриялық сәйкестендіруді енгізу, киберқауіпсіздік деңгейін арттыру және шағын және орта бизнесті қолдау шаралары көзделген.
Халықаралық ынтымақтастықты білім мен ғылым саласында кеңейтуге арналған жеке блокта Arizona State University, Colorado School of Mines, Coursera, OpenAI, Freedom Group Inc. және өзге де серіктестермен жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларына жуық келісімдерге қол қойылды. Бұл бастамалар білім берудің кең ауқымын қамтиды — Жезқазған қаласында жаңа «Ұлытау» техникалық университетін құрудан бастап қос дипломдық бағдарламаларды дамытуға, білім беру үдерісін цифрландыруға және ChatGPT Education негізіндегі инновациялық шешімдерді енгізуге дейін.
Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен АҚШ-тың халықаралық ұйымы Educational Testing Service (ETS) ынтымақтастық жөніндегі жол картасына қол қойды. Құжат заманауи бағалау құралдары мен білім беру аналитикасын енгізуге, тестілеу рәсімдерінің объективтілігі мен ашықтығын арттыруға және білім саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған. Бірлескен жоба ҰБТ жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуды көздейді. Жаңа модель тек академиялық білімді ғана емес, сонымен қатар табысты оқу мен мансапқа қажет негізгі дағдыларды да бағалауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект технологияларын, адаптивті тестілеу мен интеллектуалды талдауды пайдалану әділ, сенімді және ашық бағалау жүйесін қамтамасыз етеді.
Халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы ретінде Ғылым және жоғары білім министрлігі, Arizona State University (АҚШ), Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Q group арасында стратегиялық әріптестік туралы келісімдерге қол қойылды. Құжаттар қос дипломдық бағдарламаларды дамытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуына, бірлескен зерттеулер жүргізуге, инновациялық білім беру технологияларын енгізуге және инженерлік, цифрлық және қолданбалы ғылымдар бағытындағы оқу-зерттеу бағдарламаларын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Колорадо тау-кен мектебі (АҚШ) арасында Жезқазғанда «Ұлытау» техникалық университетін құру жөніндегі іске асыру хаттамасына (Implementation Protocol) қол қойылды. Жоба тау-кен-металлургия саласы үшін мамандар даярлауға, халықаралық стандарттарды енгізуге, ғылыми зертханалар мен инженерлік орталықтарды дамытуға бағытталған. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматында жүзеге асырылады және Қазақстан мен АҚШ арасындағы технология және білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.
Сонымен қатар, қол қойылған құжаттар қатарында энергия сақтау жүйелері зауытының (BESS) құрылысы жобасы, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және Perplexity AI арасындағы Қазақстан азаматтарына Perplexity Pro қызметіне тегін қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі келісім, сондай-ақ жасанды интеллект пен энергетика салаларында жаңа ғылыми-зерттеу (R&D) орталықтарын құру туралы уағдаластықтар бар.
Барлық қол қойылған құжаттар Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі сенімді және екіжақты стратегиялық әріптестіктің инвестициялар, инновациялар мен технологиялық кооперацияны дамытуға бағытталғандығын айқын дәлелдейді.