Қазақстан мен ЕО маңызды шикізаттар саласын дамыту мүмкіндіктерін талқылады

Астанада Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың қатысуымен Қазақстан мен Еуропалық одақтың сирек жер және сирек металдарды игеру саласындағы ынтымақтастығына арналған форум өтті. ҚР ИИДМ, ҚР СІМ және "KAZAKH INVEST "ҰК" АҚ ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың, оның ішінде Бельгия, Германия, Румыния, Финляндия, Франция, Швеция және т. б. 150-ден астам өкілі қатысты.
Форумға қатысушылар маңызды шикізат саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ сирек жер және сирек металдарды өндіру, өңдеу және пайдалану бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту және нығайту, соның ішінде тәжірибе және технологиялар алмасу бағыттары айқындалды.
Шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бүгінгі форумның өткізілуі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық комиссияның маңызды шикізат минералдары өнеркәсібі саласындағы серіктестікті қалыптастыру жөніндегі бірлескен күш-жігерінің нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан еуропалық компаниялардың қатысуымен қазақстандық шикізат негізінде жаңа өндірістерді құруға қолдау көрсетуге дайын.
Өз кезегінде Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис Янкаускас Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сирек жер және сирек металдар саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Ол Еуропалық Одақ маңызды шикізатты жеткізу көздерін әртараптандыруға және өз өндірісін, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында дамытуға ұмтылатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев ел экономикасының мұнай мен газдан кейінгі екінші ірі секторы саналатын тау-кен металлургия өнеркәсібінің рөліне тоқталды. Сөзінің соңында А.Зебешев еуропалық компанияларды еліміздің маңызды пайдалы қазбалар саласындағы жоғары әлеуетін ескере отырып, Қазақстанда инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Форумның екінші сессиясы барысында жетекші еуропалық компаниялардың, атап айтқанда Sandvik, Verde Magnesium, Serfrigo Service Kazakhstan ЖШС, DB Engineering & Consulting GmbH өкілдері өз қызметтерін таныстырып, қазақстандық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтудің ықтимал жоспарлары туралы әңгімеледі.
Келесі сессияда Қазақстанның мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығының өкілдері Қазақстанның тау-кен-металлургия саласындағы әлеуетін ұсынды. ҚР ИИДМ Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров ҚР-дағы сирек жер және сирек металдарының кен орындары туралы айтса, ал "Тау-Кен Самұрық "ҰТК" АҚ Бизнесті дамыту жөніндегі бас директор Нариман Абсаметов "Солтүстік Қатпар" және "Жоғарғы Қайрақты"вольфрам кен орындарын дамыту жобаларына тоқталды. Өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Ғылыми-техникалық жобалар департаментінің директоры Арманбек Өмірғали ұлттық компанияның сирек және сирек жер металдарын өндірудегі әлеуеті туралы баяндама жасады.
KAZAKH INVEST-тен ұлттық компанияның басқарушы директоры Азамат Қожанов сөз сөйлеп, сирек және сирек жер металдар өнеркәсібінің әлемдік қауымдастық үшін маңыздылығына тоқталып, салалық министрліктің әлеуетті инвесторлармен ынтымақтастықта әзірлеу жөніндегі белсенді жұмысын атап өтті.
«Қазіргі уақытта маңызды ресурстарға қол жеткізу үшін халықаралық бәсекелестіктің артуы байқалады. Біздің міндетіміз – нарықта маңызды ойыншы болу мақсатымен сирек және сирек жер металдар саласындағы геологиялық зерттеулерді жетілдіру. Біз еуропалық компанияларды Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды, оның ішінде дайын өнім шығару жобаларын іске асыруға шақырамыз», - деп түйіндеді сөзін А.Қожанов.
Сондай-ақ форумда маңызды пайдалы қазбаларды игеру мен өндіруде тұрақты дамуды және экологиялық жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қатысушылар қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін озық технологиялар мен инновацияларды қолдануға ортақ мүдделерін білдірді.
Форум соңында екіжақты кездесулер өтіп, онда тараптар осы саланы дамыту үшін одан әрі ынтымақтастық пен өзара білім мен тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.