Қазақстан мен Түркия 490 млн АҚШ долларынан асатын сомаға келісімдерге қол қойды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары аясында ұлттық KAZAKH INVEST компаниясының қолдауымен экономиканың басым салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
Атап айтқанда, астық пен бұршақ дақылдарын терең өңдеу бойынша агроөнеркәсіптік кешен салу жобасы аясында инвестициялық келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, түрік тарапынан Kazak Protein ЖШС (Tiryaki Holding) директоры К. С. Юлдыз қол қойды. Жоба аясында жылына 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақты өңдеуге арналған заманауи зауыттың құрылысы көзделуде. Инвестиция көлемі 320 млн АҚШ долларын құрайды.
Шымкент, Астана және Алматы қалаларында үш логистикалық орталық салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға S Sistem Yatirim Lojistik директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Барлин мен KAZAKH INVEST инвестиция тарту және маркетинг департаментінің директоры Нұржан Әбілқайыр қол қойды. Жобаның болжамды инвестиция көлемі – 75 млн АҚШ доллары.
Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ мен Түркияның S Sistem Yatirim Lojistik компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. Жоба аясында Ақтөбе қаласында әуежай аумағында көпфункционалды логистикалық орталық салу көзделген. Инвестиция көлемі – 25 млн АҚШ доллары. Бұл жобаларды іске асыру елдің негізгі экономикалық тораптарындағы логистикалық инфрақұрылымды едәуір күшейтіп, ішкі және сыртқы нарықтарға тауарларды жеткізу мүмкіндіктерін арттырады.
Бұдан бөлек, Orzax Group компаниясының Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салу жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Кәсіпорын жылына 464 млн дана өнім шығаруға қауқарлы болады, инвестиция көлемі – 70 млн АҚШ доллары.
Қол қойылған жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 490 млн АҚШ долларынан асады. Бұл бастамалар агроөңдеу, фармацевтика және логистика салаларын қамтиды және Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық серіктестіктің әртараптандырылған әрі терең сипатын көрсетеді.
Құжаттарға қол қою KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының белсенді сүйемелдеуі арқасында жүзеге асты және стратегиялық әріптестер тарапынан Қазақстанның инвестициялық ахуалына деген жоғары сенімді көрсетеді.