Баспасөз релиздері

Қазақстан мен Израиль инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Қазақстан мен Израиль инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саардың қатысуымен Қазақстан–Израиль бизнес-форумы өтті. Іс-шара Израильдің сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылып, екі ел компаниялары арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және іскерлік байланыстарды дамыту мәселелерін талқылауға арналған негізгі алаңға айналды.

Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров құттықтау сөз сөйледі. Ол бизнес-форумның жай ғана іскерлік іс-шара емес, Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін қалыптастырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 162 млн АҚШ долларын құраған екіжақты тауар айналымының орнықты динамикасына қарамастан, елдер арасында экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту үшін, ең алдымен агроөнеркәсіптік кешен, цифрландыру, инновациялар және су инфрақұрылымы салаларында айтарлықтай іске асырылмаған әлеует сақталып отыр.

«Қазақстан мен Израиль көптеген бағыттар бойынша бірін-бірі толықтырады — аграрлық технологиялар мен азық-түлік қауіпсіздігінен бастап цифрлық шешімдер мен су ресурстарын басқаруға дейін. Біз бірлескен жобаларды іске қосуға, жаңа өндірістік тізбектер құруға және ұзақ мерзімді серіктестіктер қалыптастыруға мүдделіміз. Қазақстан израильдік бизнеске тұрақты, ашық және болжамды инвестициялық ортаны ұсынуға дайын», — деп атап өтті Әлібек Қуантыров.

Форум барысында екі елдің салалық мемлекеттік органдарының, іскерлік қауымдастықтары мен компанияларының өкілдері де сөз сөйледі. Израиль тарапынан іс-шараға жетекші компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары, қазақстандық тараптан — орталық мемлекеттік органдардың, даму институттарының және бизнестің өкілдері қатысты. Форумның модераторы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек болды.

Өз сөзінде Мадияр Сұлтанбек Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгіледі және израильдік компанияларды өңдеуші өнеркәсіпте, агроөнеркәсіптік кешенде, жоғары технологиялар мен инфрақұрылым салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Іскерлік бағдарламаның аясында қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, технологиялар трансфері және жаңа нарықтарға шығу перспективаларын талқылады. Агротехнологиялар, IT-сектор, финтех, су шаруашылығы және инфрақұрылымды жаңғырту салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Форум қорытындысы бойынша үш коммерциялық құжатқа қол қою рәсімі өтті. Олардың қатарында израильдік Mekorot Development & Enterprises Ltd. компаниясының қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы өзара түсіністік меморандумы, Атырау облысында битум зауытын салу жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялық келісім, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум бар.

Бизнес-форумға өнеркәсіп пен жоғары технологиялардан бастап ауыл шаруашылығы мен медицинаға дейінгі кең ауқымды салаларды қамтитын шамамен 30 израильдік компания қатысты. Іс-шара B2B-кездесулер форматында практикалық жалғасын тауып, олардың барысында қазақстандық және израильдік компаниялар ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге