Баспасөз релиздері

Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптестікті нығайтуды жалғастыруда: экономиканың негізгі салаларында 15 құжатқа қол қойылды

Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптестікті нығайтуды жалғастыруда: экономиканың негізгі салаларында 15 құжатқа қол қойылды

Астанада өткен Қазақстан-Франция Бизнес-Форумы аясында Қазақстан мен Францияның мемлекеттік органдары, ұлттық компаниялары мен іскерлік құрылымдары арасында 15 екіжақты құжатқа қол қою рәсімі өтті. Құжаттар энергетика, денсаулық сақтау, технологиялар, логистика, агроөнеркәсіп, білім беру және орнықты даму сынды стратегиялық бағыттарды қамтиды.

Негізгі құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Air Liquide Munay Tech Gases LLP компаниясы арасындағы инвестициялық келісім. Құны шамамен 90 млн еуро құрайтын жоба Павлодар мұнай-химия зауытында сутегі өндіру қондырғысын салуды көздейді. Жоба өнеркәсіптегі көміртек шығарындыларын азайтуға және «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Денсаулық сақтау саласында әлемдік жетекші компаниялармен келісімдерге қол жеткізілді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Sanofi компаниясы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Қазақстан халқы қауіпсіздігі жоғары, құрамында жасушасыз көкжөтел компоненті бар үздік біріктірілген вакциналармен қамтамасыз етілуі жалғасады, сондай-ақ Sanofi вакциналарын Қазақстанда локализациялау мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар, C3Medical компаниясымен сүт безі обырын ерте анықтау саласындағы бірлескен жобалар туралы келісімге қол қойылды. Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы реформаларын Францияның Даму агенттігі (AFD) мен Expertise France қолдайтын болады – бұл бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен тиісті келісім жасалды.

Цифрлық және бұлтты шешімдер бағыты бойынша QazCloud пен француздық Clever Cloud компаниясы арасында бұлтты платформа құру және жасанды интеллект саласындағы шешімдерді дамыту жөніндегі келісімге қол қойылды.

Маңызды нәтижелердің бірі – Қарағанды қаласының су инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі меморандум. Құжатқа қала әкімдігі, ТКШ жаңғырту орталығы және Suez International компаниясы қол қойды. Жоба су құбыры мен кәріз жүйелерін жаңартуға бағытталған, бұл өңірдегі экологиялық және санитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Білім беру және ғылым саласында қазақстандық және француз университеттері арасында келісімдер жасалды. Astana Medical University мен Karaganda Medical University университеттері Evry - Paris-Saclay University және ISRP психомоторлық терапия институтымен бірлескен академиялық және ғылыми бағдарламаларды іске қосу жөніндегі құжаттарға қол қойды.

Агроөнеркәсіп саласы бірден бірнеше меморандуммен ұсынылды. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Lidea, Livestock Summit және IMV Technologies француз компанияларымен тұрақты ауыл шаруашылығы, жасыл экономика және аграрлық ғылыми әзірлемелерді ілгерілету саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған келісімдерге қол қойды.

Жасыл транзит пен орнықты дамуды қолдау бағытында «Green Academy» мен Францияның Даму агенттігі арасында Қазақстанның көміртексіз экономика бағдарламасы аясында бірлескен ғылыми-зерттеу қызметі жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге