KAZAKH INVEST Италияда Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен мен Agritech салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды
Феррара қаласында (Италия) қазақстандық делегация агроөнеркәсіптік кешен мен Agritech саласындағы жетекші итальяндық компаниялармен бірқатар кездесулер өткізді. Сапар Азия даму банкі (ADB) мен Италия Үкіметінің бірлескен бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық орталықтар мен өндірістік кәсіпорындармен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Италиядағы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының шетелдік өкілі Алтынай Мұқанова қатысты. Ол Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы инвестициялық әлеуеті мен агротехнологиялар саласындағы ынтымақтастық перспективалары туралы баяндама жасады.
Сапар барысында делегация Италияның ең ірі ауыл шаруашылығы компаниясы – Bonifiche Ferraresi кәсіпорнына барды. Компания 7 750 гектар жерді басқарады және агробизнесті цифрландыру мен инновация енгізу саласында көшбасшы болып табылады. Кәсіпорын ғылыми зерттеулер мен технологияларды әзірлеуден бастап брендтерді басқару және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады.
Сондай-ақ Diagram және Società Italiana Sementi компанияларымен кездесулер өтті. Diagram компаниясы агросекторға арналған цифрлық шешімдер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын басқаруға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысады. Акционерлер құрамында Cassa Depositi e Prestiti және Trilantic Europe (әрқайсысы 41,6%) және Bonifiche Ferraresi (15%) бар.
Кездесулер барысында ерекше назар ARMONIA жобасына аударылды. Жоба нөлдік энергия тұтынатын және суды барынша аз пайдаланатын гидропоникалық жылыжай құруды көздейді. Бұл бастама экологиялық таза материалдарды қолдануды, жергілікті өндірісті дамытуды және жаңа буынның тұрақты ауыл шаруашылығын қалыптастыруды қамтиды.
Сапар қорытындысында тараптар Agritech және тұрақты агроөндіріс салаларындағы серіктестік қатынастар мен бірлескен инвестициялық жобаларды дамытуға өзара мүдделілігін растады.