Баспасөз релиздері

KAZAKH INVEST көмір өнеркәсібінің VI форумында көмірхимия саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды

KAZAKH INVEST көмір өнеркәсібінің VI форумында көмірхимия саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды

ASTANA MINING & METALLURGY – 2025 Халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында «Көмір өнеркәсібі: сын-қатерлер мен перспективалар» тақырыбында Көмір өнеркәсібінің VI форумы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, өндіріс саласының, ғылыми орта мен халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ атынан Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Азамат Қожанов баяндама жасады.

Сөз сөйлеу барысында Қазақстанның көмірхимия саласындағы жоғары әлеуеті атап өтілді. Барланған көмір қоры 33,6 млрд тоннаны құрайтын елімізде көмір шикізатын терең өңдеу арқылы жаңа индустриялық платформа қалыптастыруға елеулі мүмкіндік бар. Спикердің айтуынша, көмірді дәстүрлі өндіруден оның жоғары қосылған құны бар өнімге дейінгі өңдеу процесіне көшу саланың экономикалық тиімділігін ондаған есе арттыруға мүмкіндік береді.

Ерекше назар іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға аударылды. Ең ауқымды бастамалардың бірі – жылына шамамен 650 миллион тонна көмір өндіретін, әлемдегі ең ірі көмір өндіруші Қытайдың мемлекеттік China Energy Investment Corporation (CHN Energy) компаниясының жобасы. Компания Қазақстанда көмірхимиялық кешен салу жобасын пысықтауға кірісті. Жоспарланған инвестиция көлемі $4 миллиардтан асады.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша Fufeng Group компаниясының жобасын іске асыруда айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. KAZAKH INVEST қолдауымен 2024 жылғы сәуір айында жылына 1 миллион тоннаға дейін жүгері өңдейтін және жоғары қосылған құны бар өнім – лизин, натрий глутаматы мен аминқышқылдарын шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны $800 миллионды құрайды. Инвестор минералды тыңайтқыштар мен химиялық өнім өндіру мақсатында көмірхимия бағытын дамыту мүмкіндігін қарастырып, зауытты көмір кен орындарына жақын жерде орналастыруды таңдады.

Өз сөзінде Азамат Қожанов Қазақстандағы көмірхимия саласына инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды:

«Көмірхимия саласын дамыту – бұл көмір өндірудің қисынды жалғасы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда жаңа индустриялық негіз қалыптастыру мүмкіндігі. Көмір шикізатын терең өңдеуге көшу арқылы жоғары қосылған құны бар өнім – метанол, полиолефиндер, полиэтилен, полипропилен және ішкі әрі сыртқы нарықтарда сұранысқа ие 400-ден астам өнім түрін өндіруге болады. Мұндай тәсіл жер қойнауын пайдаланудан түсетін табысты еселеп арттырып, ілеспе салалардың дамуын ынталандырып, мыңдаған жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазақстан барлық бастапқы артықшылықтарға ие: қуатты шикізат базасы, логистикалық әлеует, ашық инвестициялық саясат және индустрияландыруға бағытталған нақты мемлекеттік бағдар бар. Бүгінде бізде тұрақты көмірхимия индустриясын қалыптастырудың бірегей мүмкіндігі бар, және оны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді салуға дайынбыз».

Форум көмір өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде өндірісті жаңғырту, логистика, кадрлық қамтамасыз ету және озық технологияларды енгізу мәселелері талқыланған маңызды диалог алаңына айналды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге