Баспасөз релиздері

Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін зауытының құрылысы басталды

Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін зауытының құрылысы басталды

Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге маманданған Fufeng Group компаниясының өндірістік паркі құрылысының іске қосылу рәсімі өтті. Іс-шараға Fufeng Group Limited директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобалар департаментінің директоры Бауржан Айтқұлов қатысты.

Жоба Шу ауданында, «JIBEK JOLY» АЭА маңында жүзеге асырылып жатыр және Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы ең ірі жобалардың бірі болмақ. Жалпы инвестиция көлемі — 800 млн АҚШ доллары, жоспарланған қуаттылығы — жылына 1 млн тонна жүгері өңдеу. Жобаның алғашқы кезеңі 2025 жылдың IV тоқсанында іске қосылады, ал зауыт толық қуатында 2026 жылы жұмыс істей бастайды. Жоба лизин, натрий глутаматы, ксантан камедь және азықтық аминқышқылдары сияқты жоғары қосылған құны бар өнімдерді шығаруды қамтамасыз етеді. Бұл өнімдердің бағасы бастапқы шикізаттан 10–15 есе жоғары.

Жобаның инфрақұрылымына крахмал қанты зауыты, үш ферментациялық аминқышқыл зауыты және ағын суларды тазарту станциясы кіреді. Кейінірек тұз қышқылы мен сұйық аммиак сияқты химиялық компоненттерді өндіру жоспарланған. Өнім Еуропалық Одаққа, Солтүстік Африкаға және Таяу Шығысқа экспортталатын болады. Сонымен қатар, Fufeng Group жергілікті аграрийлермен ұзақ мерзімді әріптестік орнатып, оларға тыңайтқыштар, заманауи агротехнологиялар ұсынып, офтейк-келісімшарттар аясында кепілді өткізу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Куантыров атап өтті:

«Қайта өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіру саласына сапалы инвестиция тарту — Қазақстанның экономикалық күн тәртібінің маңызды бөлігі. Бұл ретте Сыртқы істер министрлігі жүйелі рөл атқарады. Fufeng жобасы — кешенді ведомствоаралық жұмыстың нақты нәтижесі: Шанхайдағы алғашқы келіссөзден бастап капсула салу сәтіне дейін бір жылдан аз уақыт өтті. Бұл — 800 млн доллар тікелей инвестиция және 1500 жаңа жұмыс орны. Біздің мақсатымыз — тек капитал тарту емес, сонымен қатар технологиялар, білікті кадрларды даярлау және инвестицияны өңірлерге, нақты салаларға, халықтың өміріне тұрақты түрде енгізу».

Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь салтанатты шарада:

«Қазақстандағы жоба — біздің жаһандық стратегиямыздың маңызды бөлігі. Қытайдағы зауыттар Азия нарығын, АҚШ-тағы өндіріс — Солтүстік және Латын Америкасын қамтамасыз етеді. Ал Жамбыл облысындағы зауыт Еуропа нарығына бағытталады», — деп атап өтті.

Жобаның іске асу тарихы 2024 жылы KAZAKH INVEST енгізген инвестиция тартудың таргеттелген тәсілінің тиімділігін көрсетті. Аталған тәсіл аясында төрт басым бағыт айқындалды, олардың бірі — дәнді дақылдарды терең өңдеу. Қазақстан тарапы салалық терең талдау жүргізіп, бәсекеге қабілеттілікті анықтап, әлеуетті инвесторлармен мақсатты жұмыс жүргізді. Fufeng Group осы тәсілмен іске асырылып жатқан алғашқы ірі жоба болды.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев атап өтті:

«Бұл жоба өңір үшін тек экономикалық серпін беріп қана қоймай, әлеуметтік жағынан да үлкен рөл атқарады. Зауыттағы 1500 жұмыс орнынан бөлек, Fufeng жергілікті фермерлерден шикізат сатып алады — қазірдің өзінде 2025 жылға 300 мың тонна жүгері жеткізу бойынша қазақстандық аграрийлермен офтейк-келісімшарттар жасалды. Болашақ зауыттың өнімі агроөнеркәсіп кешенінде, тамақ, фармацевтика және химия өнеркәсібінде қолданылады. Лизин, натрий глутаматы, ксантан камедь және басқа компоненттер ішкі нарықта да, экспортта да — мал шаруашылығында, азық-түлік, жем, косметика мен дәрі-дәрмек өндірісінде жоғары сұранысқа ие. Бұл жоба еліміздің АӨК саласында жаңа қайта өңдеу экожүйесінің тұрақты өзегіне айналады деп сенеміз».

Еске сала кетейік, Қазақстанда жобаны іске асыру жөніндегі келісімдер Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың KGIR-2024 форумында және Шанхай қаласындағы кездесулер барысында қол жеткізілген болатын.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге