Баспасөз релиздері

Қазақстанда $58,8 млн тұратын фармацевтикалық зауыт салынады

Қазақстанда $58,8 млн тұратын фармацевтикалық зауыт салынады

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ алаңында Үндістанның MSN Laboratories Pvt. Ltd. компаниясы, «Қазақ фармацевтикалық компаниясы «МЕДСЕРВИС ПЛЮС» ЖШС және KAZAKH INVEST арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат Алматы облысында толық циклды фармацевтикалық зауыт салу жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздейді.

Іс-шара барысында тараптар ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталған қатты дәрілік түрлерді өндіруді көздейтін зауыт құрылысының егжей-тегжейін талқылады. Жоба толық локализацияны қарастырады: дәрілік заттарды әзірлеуден бастап, өндіру, қаптау және таратуға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Инвестиция көлемі $58,8 млн-нан асады. Зауыт толық қуатында іске қосылғаннан кейін Қазақстан азаматтары үшін 300-ден астам жұмыс орны құрылады.

Меморандумға қол қою – денсаулық сақтау және фармацевтика саласына тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады. Жаңа зауыттың отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50%-ға дейін арттыру жөніндегі ұлттық мақсатқа қол жеткізуге өз үлесін қосады деп күтілуде.

Кездесу барысында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Азамат Қожанов атап өтті:

«Біз бұл жобаны Қазақстанның өнеркәсіптік базасын дамытудағы маңызды элемент ретінде қарастырамыз. Бұл жай ғана өндірістік нысан емес, технология трансфері, кадрлардың біліктілігін арттыру және саланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге арналған платформа. Бұл бастаманы жүзеге асыру елдің индустрияландыру басымдықтарына және фармацевтика саласындағы жергілікті өндіріс үлесін арттыру жөніндегі міндеттерге толық сай келеді. Өз кезегінде, ұлттық компания KAZAKH INVEST жобалау кезеңінен бастап зауыттың толық қуатқа шығуына дейін барлық кезеңде жан-жақты қолдау көрсететін болады», – деді Азамат Қожанов.

Шетелдік әріптес тарапынан MSN Laboratories компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы У. В. Р. В. Прасад компанияның өңірде ұзақ мерзімді жобаларға жоғары қызығушылық білдіретінін атап өтті:

«Біз Қазақстанда заманауи және озық өндірістік кәсіпорын құру жоғары технологиялы және күрделі дәрілік заттарды жергілікті деңгейде өндіруге мүмкіндік береді деп сенеміз. Бұл өз кезегінде ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, ТМД елдеріне экспортқа жол ашады. Зауыт онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрілерді қоса алғанда, кең ауқымды дәрілік заттарды өндіретін болады. Сонымен қатар, біз өзіміздің үнемі жаңартылып отыратын жаһандық портфолиомызды ұсынамыз, ол әртүрлі терапевтік бағыттар бойынша инновациялық шешімдерді қамтиды», – деді ол.

 

Өз кезегінде, «Қазақ фармацевтикалық компаниясы «МЕДСЕРВИС ПЛЮС» ЖШС Басқарма Төрағасының орынбасары Юрий Кан жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтті:

«Бұл жобаны іске асыру – біздің компания үшін ғана емес, тұтас Қазақстанның фармацевтика саласы үшін маңызды қадам. Қазақстандық компания тарапынан фармацевтикалық технологияларға инвестиция салу – бұл ел болашағына жасалған стратегиялық үлес, себебі технологиялар елімізде қалады. Біз MSN Laboratories компаниясымен ынтымақтастық озық технологияларға, қолжетімді субстанцияларға (API) және тиімді, сапалы дәрілік заттарға жол ашатынына сенімдіміз. Жобаның маңызды қырларының бірі – жаңа жұмыс орындарын құру, оқыту, тәлімгерлік және жергілікті мамандардың біліктілігін халықаралық деңгейге дейін арттыру бағдарламасы болып табылады», – деді Юрий Кан.

Жобаны жүзеге асыру Қазақстанның фармацевтика саласын дамытуда маңызды қадам болып табылады, өндірістік және экспорттық базаны нығайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді және ұлттық мақсатқа жетуді жақындатады.

Анықтама:

MSN Laboratories Pvt. Ltd. — 2003 жылы құрылған Үндістанның ірі фармацевтикалық өнім өндірушілерінің бірі. Компания 25 өндірістік алаңды басқарады және 35-тен астам терапевтік бағытта белсенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. MSN өнімдері АҚШ пен Еуропа елдерін қоса алғанда, 100-ден астам мемлекетке экспортталады.

«Қазақ фармацевтикалық компаниясы «МЕДСЕРВИС ПЛЮС»» ЖШС — 27 жылдан астам тәжірибесі бар Қазақстанның вертикалды интеграцияланған компаниясы. Компания дистрибуция саласында көшбасшы болып табылады, заманауи технологияларды (SAP, GxP) белсенді енгізеді, ESG қағидаларын ұстанады және 320-дан астам әлемдік дәрі-дәрмек өндірушілерімен ынтымақтастық жасайды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге