«EIPICO» Қазақстанда фармацевтика саласын дамыту жөніндегі жобаны іске асыруда
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ алаңында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың «EIPICO» Египет фармацевтикалық компаниясының Басқарма төрағасы Ахмед Келанимен кездесуі өтті, оның барысында тараптар Қазақстанда толық циклді фармацевтикалық зауыт салу жөніндегі жобаның іске асырылу барысын талқылады.
А. Келани қазақстандық өкілдерге EIPICO компаниясы қазіргі уақытта жобаны Алматы қаласында іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Ол «ПИТ» АЭА аумағында орналасады деп жоспарлануда. Жергілікті серіктестер — «Qazaqstan Investment Corporation» тікелей инвестициялар қоры және фармацевтикалық қызметте айтарлықтай тәжірибесі бар «Garant Trading» ЖШС компаниясы. Жобаның құны шамамен 33 миллион долларды құрайды деп күтілуде, ал құрылған жұмыс орындарының саны 200-ге жетеді.

EIPICO сонымен қатар фармацевтикалық өнімді одан әрі экспорттау мүмкіндігімен Қазақстанға жеткізу үшін мемлекеттік және жеке дистрибьюторлармен келісімшарттар жасасу туралы келіссөздер жүргізуде.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен көрші елдердің фармацевтика саласын дамытуға ықпал ететін перспективалы жобаны іске асыруда ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Анықтама:
EIPICO Египеттегі, Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы фармацевтикалық өнімдердің жетекші компаниясы болып табылады және Египеттің фармацевтикалық өнімдерінің жалпы экспортының 26% иеленеді. Қазіргі уақытта компания әлемнің 65-тен астам еліне, соның ішінде Африка, Азия, Еуропа, Латын Америкасына тауарлар экспорттайды.