Баспасөз релиздері

Қытайдың East Hope Group компаниясы Қазақстанда түсті металдарды өндіру және терең өңдеу жобасын жүзеге асырады

Қытайдың East Hope Group компаниясы Қазақстанда түсті металдарды өндіру және терең өңдеу жобасын жүзеге асырады

"KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев "East Hope Group" (EHG) компаниясының бас директоры Чанцзюнь Мэнмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанда түсті металдарды өндіру және терең өңдеу саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Инвестициялық жоба аясында EHG Қазақстанда ірі индустриялық парк салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба түсті металлургия саласында озық технологияларды енгізуге, өнімді терең өңдеуге және дайын тауар өндіруге мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі 12 миллиард АҚШ долларынан асуы мүмкін. Сонымен қатар, алюминий және кремний өндірісінің әлемдік көшбасшысы саналатын компания өз өнімін Еуропалық Одақ, Орталық Азия және Қытай нарықтарына экспорттауды жоспарлауда. Жоба іске асырылған кезде 10 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады.

Чанцзюнь Мэн Қазақстанда еншілес компания тіркелгенін, ол жобаның негізгі операциялық орталығына айналатынын атап өтті. Бұл орталық жобаны жүзеге асырудың келесі қадамдарын үйлестіреді. Компания бірнеше өңірде алдын ала геодезиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіп, жақын арада аумақты егжей-тегжейлі зерттеуге кірісуді жоспарлап отыр.

Ержан Елекеев жобаның Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін маңыздылығын атап өтіп, оның іске асырылуы халықаралық серіктестермен экономикалық байланысты нығайтуға ықпал ететінін айтты.

"East Hope Group секілді ірі стратегиялық инвесторларды тарту – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз бұл жобаны тек инвестиция көлемі тұрғысынан ғана емес, озық технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру және өндірісті локализациялау контексінде де қарастырамыз. Жобаның іске асырылуы Қазақстанға түсті металдар жеткізу бойынша жаһандық тізбекте маңызды орын алуға және дайын өнім экспортының көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Біз жан-жақты қолдау көрсетуге және инвестицияларды табысты жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз", – деп атап өтті Ержан Елекеев.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық шарттарын нақтылау және міндеттемелерді бекіту мақсатында инвестициялық келісім жасасу перспективаларын қарастырды. EHG ҚР Сыртқы істер министрлігі және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үшжақты негіздемелік келісімге қол қоюға дайын екенін білдірді. Бұл келісім жоба дамуының маңызды кезеңі болмақ.

Кездесу қорытындысы бойынша Ержан Елекеев пен Чанцзюнь Мэн жобаның табысты іске асатынына сенім білдіріп, Қазақстанды түсті металдарды өндіру және терең өңдеу саласындағы индустриялық хаб ретінде дамытуға жоғары әлеуеті бар ел деп атап өтті.

Анықтама:

East Hope Group – металлургия және технологиялық инновациялар саласындағы әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі. Компания Қытайда төмен көміртекті өнеркәсіптік кешендер салуға 10 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды және өз қызметін халықаралық деңгейде кеңейтуді жалғастыруда.

2022 жылы East Hope Group Қытайдағы ең ірі 500 жеке кәсіпорынның ішінде 39-орынға, ал өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі 500 жеке кәсіпорынның ішінде 24-орынға ие болды. Топ құрамына 300-ден астам еншілес компания кіреді.

East Hope Group негізгі активтері Қытайдың Шанхай, Бейжің, Синьцзян, Нинся, Ішкі Моңғолия, Цзянсу және Хубэй өңірлерінде шоғырланған. Сондай-ақ, компания Вьетнам, Камбоджа, Сингапур, Индонезия, БАӘ және басқа да елдерде жұмыс істейді.

Компанияның коммерциялық және тұрғын үй нысандары Шанхай мен Чэндуда орналасқан. Глинозем өңдеу кәсіпорындары Хэнань провинциясында, алюминий өндіру зауыттары Баотоу мен Синьцзянда, кремний өндірісі Фуканда, мал азығы мен қоспалар өндірісі Синьцзян, Цзянсу, Хубэй, Шанхай және Бейжің қалаларында орналасқан.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге