Инвестициялар комитетінің төрағасы Қарағанды облысының инвестициялық әлеуетімен танысты
Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесті, сондай-ақ аймақтың инфрақұрылымдық мүмкіндіктері ұсынылған "Saran" ИА нысандарын қоса алғанда, бірқатар ірі өңірлік кәсіпорындарды аралады.
Облыс әкімімен кездесуде тараптар өңірдің машина жасау, электроника өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалардағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру әлеуетін талқылады.
Ғ.Оспанқұлов «QazTehna» ЖШС автобустар мен арнайы техника шығаратын зауытында болған сапарында кәсіпорынның қызметімен және оның даму жоспарларымен, оның ішінде катарлық инвесторларды тарту арқылы өндірістік қуаттарды кеңейту жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ сапар барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті мен «QazTehna» ЖШС арасында инвестициялық келісімшартқа қол қойылды.
Келесі кезекте Комитет төрағасы құны 24,9 млрд теңгені құрайтын «Silk Road Electronics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрмыстық техника шығаратын зауытында болды. 250 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт өз өнімдерін ішкі нарыққа да, жақын маңдағы нарықтарға да жеткізеді.
«Tengri Tyres» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында Ғ.Оспанқұлов автокөлік дөңгелектерін шығару барысымен танысты. Кәсіпорын 1125 жұмыс орнын құрып, жылына 3,5 миллион жеңіл автокөлік, жеңіл жүк көліктері мен жүк көліктерінің дөңгелектерін шығарады. Өндірістік қуатты арттыру үшін инвесторлар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен инвестициялық келісімшартқа отыруға ниет білдірді.
Сапар барысында Комитет басшысы шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстандағы негізгі өнеркәсіп орындарының бірі ретінде Қарағанды облысының әлеуетін атап өтті.