Қазақстан мен Сауд Арабиясы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін растады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов Сауд Арабиясы Инвестициялар министрлігіне қарасты Халықаралық инвестициялық байланыстар агенттігінің Азия және Тынық мұхиты өңірі бойынша директоры Абдулла Аларфаджмен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің ағымдағы жылдың ақпан айындағы Сауд Арабиясына сапарының қорытындыларын талқылап, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың елеулі әлеуетін атап өтті.

Инвестициялық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу болды. Ғ. Оспанқұлов Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы басым экономикалық салалардағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын атап өтті. Осыған байланысты, сапар барысында Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ Қазақстан-Сауд үйлестіру кеңесін құру туралы келісімге қол қою екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретіні атап өтілді.

Өз кезегінде, А.Аларфадж 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммиттің табысты өткенін атап өтіп, «жасыл энергетика» және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол Сауд Арабиясының «Vision 2030» бағдарламасы шеңберінде сауд компанияларының Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылығы жоғары екенін растады және тұрақты байланыстарды жолға қоюдың өзектілігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.