Фармацевтикалық ынтымақтастық: Ғабидулла Оспанқұлов француз компаниясымен кездесті
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов француз компаниясы «Boehringer Ingelheim» өкілдерімен кездесті, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, QazBioPharm Ұлттық холдингі АҚ және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы АҚ өкілдері қатысты.
Boehringer Ingelheim - әлемдегі жетекші фармацевтикалық компаниялардың бірі, аусылға қарсы вакциналарды өндіруде көшбасшы және өзінің вакцина банкі бар.
Кездесу барысында аусылға қарсы ветеринарлық вакциналарды өндіру бойынша инвестициялық жобаның ағымдағы жағдайы мен жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Ынтымақтастықтың алғашқы жылы оң нәтижелер көрсетті, болашақта құзыреттер мен технологияларды біртіндеп беру кезеңіне көшу жоспарлануда. «Бұл жобаны іске асыру Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар жоғары деңгейдегі локализациясы бар экспортқа бағытталған өндірісті дамытады», – деп атап өтті Ғ. Оспанқұлов.
Келіссөздер барысында қатысушылар ғылыми және өндірістік ынтымақтастықты дамытуды және өндірісті локализациялауды арттыруды қоса алғанда, одан әрі ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарына назар аударды. Қазақстандық нысанда орналасқан көршілес елдерге вакциналарды өндіру және экспорттау бойынша аймақтық хаб құру негізгі басымдық ретінде анықталды.
«Boehringer Ingelheim» компаниясы Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытатынын растап, елдің компанияның жаһандық операцияларындағы стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар жобаны іске асыру бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға, соның ішінде вакциналарды қазіргі эпизоотикалық жағдайларға бейімдеу және Қазақстанның агробиотехнология секторына инвестицияларды одан әрі тарту мәселелерін шешуге келісті.