KAZAKH INVEST Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері үшін семинар өткізді
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп, инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған семинар өткізді.
Семинарға ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Арман Аксубаев, СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, сондай-ақ инвестиция тарту саласына тартылған мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысты. Өңірлік бизнес-қоғамдастық, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және жергілікті атқарушы органдар үшін баяндамалармен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроФинанс» АҚ, «KazakhExport» экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ, «QazIndustry» АҚ, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері сөз сөйледі.
Іс-шара барысында Арман Аксубаев Қазақстанның бизнеске қолайлы жағдай жасауға және инвесторларды жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде сүйемелдеуге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті:
«Мұндай іс-шаралар бизнес сұраныстарын тікелей естуге, бірлескен шешімдер әзірлеуге және мемлекет қолдауымен іске асырылған табысты жобалардың үлгілерін көрсетуге мүмкіндік береді. Біз үшін инвесторлар жүйелі қолдауды сезініп, олардың жобалары тұрақты және болжамды ортада дамитынын түсінуі маңызды».
Бағдарлама шеңберінде өңірдің негізгі өндірістік нысандарына бару ұйымдастырылды:
«CT Эсэмбли» ЖШС — Петропавл қаласындағы «CLAAS» ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауыты. Инвестициялар көлемі — 6 млрд теңге, қуаттылығы — жылына 534 техника. 2023 жылы — 523, 2024 жылы — 350 техника өндірілді. 75 жұмыс орны ашылды.
«Nord Panels» ЖШС — ағашты терең өңдеу зауыты, 2024 жылғы қазанда пайдалануға берілді. Инвестициялар көлемі — 8 млрд теңге, қуаттылығы — жылына 50 мың м³ ДСП. 300 жұмыс орны ашылды.
«Бейкертон» ЖШС — ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдері зауыты. Жоба 2023–2027 жж. іске асырылуда. Жалпы инвестициялар — 37,3 млрд теңге. Жылына 12 670 тонна өнім шығару және 380 жұмыс орнын құру жоспарланған. Негізгі нарық — Қазақстан және Ресей. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр, жабдық 2026 жылғы қаңтарда жеткізіледі.
«ECO GLADE» ЖШС — Agaricus тұқымдас саңырауқұлақтар мен субстрат өндіру зауыты, 2025 жылы іске асырылады. Инвестициялар көлемі — 11,3 млрд теңге. Жылына 1 200 тонна саңырауқұлақ және 5 200 тонна компост шығару жоспарланған. 65 жұмыс орны ашылады. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр, Польша мен Беларусьтен жабдық пен металл конструкциялар жеткізілді.
Семинар ашық диалог алаңы болды, онда кәсіпкерлер ұсыныстарды талқылап, жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін тосқауылдарды белгіледі. Даму институттарының өкілдері барлық сұрақтардың белгіленген құзырет аясында қаралатынын және нәтижесінде бизнесті одан әрі қолдау үшін шешімдер әзірленетінін атап өтті.