Баспасөз релиздері

Жаңа инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру: Асқар Мамин АЭА мен ИА дамытуды жүйелеуді тапсырды

Жаңа инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру: Асқар Мамин АЭА мен ИА дамытуды жүйелеуді тапсырды

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту мәселесі қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және өңірлердің әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

«Дайын инфрақұрылымы мен түрлі жеңілдіктері бар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар – жеке инвестициялар тартуға арналған жақсы алаң», — деді Асқар Мамин.

Бүгінгі таңда 12 арнайы экономикалық аймақ аумағында 910 млрд теңге инвестициялар көлемімен 183 жоба іске асырылған, ал 24 индустриялық аймақта 168 жобаны іске асыру аясында 183 млрд теңге инвестициялар салынды, 8,5 мың жұмыс орны құрылды. 1 трлн-нан астам теңге жеке инвестициялар тартылды, олардың ішінде капиталдың төрттен бірі — шетелдік компаниялардың қатысуымен. 2021 жылға дейін АЭА мен ИА аумақтарында 11,5 мың жұмыс орнын құрумен 2,5 трлн-нан астам теңгеге 318 жобаны іске қосу көзделген.

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды басқаруда Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Алматы және Павлодар облыстары әкімдіктерінің оң тәжірибесі белгіленген. Мәселен, «Оңтүстік» АЭА 1 бюджеттік теңгеге 15,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Өз кезегінде, «Оңтүстік» ИА аумағы толықтай игерілген: 38,6 млрд теңгеге 55 жоба іске қосылған. «Павлодар» АЭА-да 1 бюджеттік теңгеге 12 теңгеден астам инвестиция тартылды. «Астана – жаңа қала» АЭА-да бүкіл жұмыс істеген өндірістің көлемі 1,4 трлн теңгеден астам болып отыр. 2018 жылы «Қорғас–Шығыс қақпасы» АЭА-да 9,3 млрд теңгеден астам жеке инвестициялар игерілді.

ҚР Үкіметінің басшысы атап өткендей, жүйелі негізде жаңа жобалар мен инвестицияларды тарту жұмыстарын жүргізіп, жұмыс орындарын құру қажет. Бұл үшін өңірлерге АЭА мен ИА-ға табысты халықаралық тәжірибелері бар кәсіптік басқарушы компанияларды тарту қажет.

Премьер-Министр аймақтарды басқару мен жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында сәтті және перспективалық аймақтарды басымдықпен қаржыландыру бойынша критерийлерді әзірлеуді тапсырды. Өз кезегінде, өңірлердің әкімдіктері АЭА-ға жобаларды қосу кезінде жоғары қосылған құны мен экспортқа бағдарланған өндірістерге баса назар аудару қажет.

Жаңа заңнама бойынша инвесторлар мен басқарушы компаниялар үшін рәсімдер жеңілдетілді. ҚР Үкіметінің басшысы атап өткендей, жеке инвестициялар ағымын одан әрі қамтамасыз ету үшін жұмысты «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыру керек.

Мәселені қарауды қорытындылай отырып, ҚР Премьер-Министрі үшжылдық мерзімге жекелеген АЭА және ИА дамыту стратегияларын әзірлеуді тапсырды.

«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар өңірлер экономикасының өсу негізіне айналуы керек, — деп атап айтты Аскар Мамин. — Бұл үшін нақты үйлестірілген жұмыс пен сапалы жобалар қажет».

Көзі: primeminister.kz
Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге