Баспасөз релиздері

Қазақстан-Беларусь форумы аясында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстан-Беларусь форумы аясында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстан мен Беларусь Қазақстан-Беларусь атты онлайн бизнес-форумы аясында инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.  Іс-шараға екі елдің жергілікті атқарушы органдары, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік қоғамдастықтарының 100-ге жуық өкілі қатысты.

Іс-шара барысында тараптар экономиканың агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс, фармацевтика, ақпараттық технологиялар және т. б. салаларындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін қарастырды.

Іс-шараны ашқан Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Асқар Бейсенбаев инвесторларды қолдаудың жаңа құралын қарастыратын стратегиялық инвестициялық келісімді енгізуге назар аударды. Ынталандыру шараларының кешеніне жеңілдіктерді қаржыландыру, ішінара кепілдік беру, экспорттық қолдау тетіктері және т. б. кіреді.

Өз кезегінде, ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ардақ Зебешев және «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары, жеңілдіктер мен преференциялардың кең спектрі, сондай-ақ ҚР-дағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Ардақ Зебешев өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге инвестицияларды тарту бойынша нақты қадамдар белгіленген жолдауына назар аударды.

«Елді жаңғыртудың жүйелі бағыты шетелдік компанияларға Қазақстанда өз бизнесін табысты жүргізуге мүмкіндік береді. Біз үшін сапалы инвестициялар тарту ғана емес, жұмыс істеп тұрған инвесторларды ұстап қалу да маңызды, сондықтан біз олардың санын ұлғайту және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша сындарлы идеяларды, ұсыныстарды талқылауға дайынбыз», - деп толықтырды Ардақ Зебешев.

Сонымен қатар, «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали өз сөзінде екі елдің агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық ынтымақтастығын дамытудың жоғары әлеуетін ерекше атап өтті.

«Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы 200 миллион гектардан асады, оның ішінде егістік - 25 миллион гектарға жуық және жайылым - 180 миллион гектарға жуық. Бұдан бөлек, жаңа инвестициялық жобаларда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін жаңа суармалы жерлерді пайдалануға берудің жоғары әлеуеті бар. Қазақстан Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа және Таяу Шығыс сияқты негізгі әлемдік нарықтарға тікелей қол жеткізе алады. Бұл көліктік-логистикалық бағыттармен қатар, сауда келісімдерімен де қарастырылған», - деп атап өтті Жандос Темірғали.

Сонымен қатар, форум қатысушылары ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру және қайта өңдеу бойынша кемінде 7 экожүйені қалыптастыруды көздейтін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жоба, сондай-ақ осы бағыттағы шағын және орта бизнес қызметінің жаңа нормативтік-құқықтық базасы туралы ақпаратпен танысты.

Форум қорытындысы бойынша тараптар бірқатар екіжақты кездесулер өткізуге, өзара сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.

Айта кету керек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Беларусьтен Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $50 млн. құрады, Қазақстанда Беларусь инвесторларының қатысуымен бірқатар инвестициялық жобалар жұмыс істейді, олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге