Баспасөз релиздері

Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының 31-ші отырысы өтті

Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының 31-ші отырысы өтті

Брюссель, 2021 жылдың 10 мамыры – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің қатысуымен өткен Берлин Еуразиялық клубының (БЕК) кезекті 31-ші отырысында ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы ынтымақтастық және инвестициялар тарту, Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері қаралды.

COVID-19 панпандемиясына байланысты дағдарыстың теріс экономикалық салдарын азайту және бизнесті қолдау бойынша бірлескен күш-жігер талқыланды. Іс-шара Германия экономикасының шығыс комитеті Қазақстанның Германиядағы Елшілігімен бірлесіп гибридтік форматта ұйымдастырылды.

Еуропалық тараптан спикерлер ретінде ЕО-ның Ауыл шаруашылығы және өңірлік даму жөніндегі комиссары Януш Войцеховски, Ресей, Орталық Азия, Шығыс әріптестік, өңірлік ынтымақтастық және ЕҚЫҰ бойынша Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің Басқарушы директоры Михаэль Зиберт, ГФР Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Уве Файлер, бұрынғы еурокомиссар, Еуропалық саясат орталығының кураторы Гюнтер Эттингер, ГФР Сауда-өнеркәсіптік және сыртқы сауда палаталары қауымдастығының Басқарма мүшесі, Сыртқы сауда жөніндегі директор Ф. Трайер, сондай-ақ «CLAAS Group» компанияның Басқарма мүшесі Кристиан Радонс болды. Қазақстандық тараптан ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа комитетінің төрағасы Альберт Рау, Спорт және туризм вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов тақырыптық баяндамалар жасады.

Іс-шараға Қазақстанның, Германияның, Бельгияның үкіметтік және іскерлік топтардың, ЕО органдарының, салалық және өңірлік бизнес-қауымдастықтардың 100-ге жуық өкілдері, жетекші еуропалық компаниялардың басшылары қатысты.

Өз сөзінде М.Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемия кезінде экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және ел халқын әлеуметтік қолдау жөніндегі саясаты туралы хабарлады. 2020 жылғы наурызда күшіне енген Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді үдемелі іске асыру ерекше назар аударуды талап етеді.

БЕК отырысының еуропалық қатысушылары ауыл шаруашылығы мен туризмді қолдауға және одан әрі дамытуға, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Іс-шара аясында М.Тілеуберді Германия, Бельгия және Люксембург компанияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, оның барысында әріптестікті дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру перспективалары талқыланды.

Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және ГФР-дың бұрынғы Вице-канцлері, Сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншердің бастамасымен құрылды. БЕК экономиканың түрлі салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдар, бизнес өкілдерінің, ГФР және Еуропаның басқа да елдерінің сарапшылары мен практиктерінің қатысуы үшін ашық бейресми диалог платформасы.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге