Баспасөз релиздері

«Бір белдеу – Бір жол» бағдарламасы аясында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының нәтижелері Астанада талқыланды

«Бір белдеу – Бір жол» бағдарламасы аясында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының нәтижелері Астанада талқыланды

Бүгін Астанада «Бір белдеу – бір жол» идеясының бесжылдығына арналған Қазақстан-Қытай бизнес-форумы өтті. Іскерлік іс-шарасына екі елдің шамамен 400-дей өкілі қатысып, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады және өзара қарым-қатынас нәтижелерімен алмасты. 

Форум екі елдің басшылары – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бейнеүндеуімен басталды.

Бизнес-форумда ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Қытай Халық Республикасының Коммерция вице-министрі Жэнь Хунбин, екі елдің ұлттық компанияларының, сыртқы сауда палаталарының басшылары және ірі бизнес өкілдері баяндама жасады.

Жеңіс Қасымбек атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр еуразиялық көлік дәлізін дамыту мен тасымалдар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру туралы ынтымақтастық Жоспарына қол қойылды.

Бұл жоспарды іске асыру біздің елдеріміздің географиялық орналасуының артықшылықтарын толығымен пайдалануды, ескі және жаңа автожолдар мен теміржолдарды реконструкциялауды, Қытайдан ЕО-ға дейінгі аумақта халықаралық логистикалық орталықтардың және хабтардың заманауи желісін құруды және сауда-саттықты арттыруды қамтамасыз етеді.

«5 жылда біз Ляньюньган портын, Қытай шекарасындағы Қорғас құрғақ портын, Каспий теңізіндегі Ақтау портын, Орталық Азия елдерін Парсы шығанағымен және Иранның оңтүстігіндегі Бендер Аббас портымен байланыстыратын жалпы ұзақтығы 900 шақырым болатын «Қазақстан - Түрікменстан - Иран» теміржол дәлізін, бір бөлігі Қазақстанның аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі сияқты бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды пайдалануға бердік», - деді министр Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық аясындағы жалпы Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларын жүзеге асыру белсенді түрде іске асырылуда. Оған жалпы құны 27 млрд. АҚШ долларынан асатын 51 жоба кіреді. Бұл жобаларды іске асыру арқылы 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

ҚР Инвестициялар және даму министрі сәтті іске асырылып жатқан бірлескен жобалар туралы да айтты.

«2017 жылы әлемдегі ең ірі логистикалық компания «COSCO Shipping» Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту үшін «Қорғас Шығыс қақпасы» АЭА-дағы «Құрғақ порттың» 49% үлесін сатып алды. Қостанай облысында JAC автомобильдерін шығару жобасы жүзеге асырылды, Павлодар облысындағы полипропилен ұнтағын өндіру, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында рапс майын өндіру жобалары сәтті жүзеге асты», - деді министр.

Өз кезегінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бірімжан Қазақстан Үкіметінің атынан бірыңғай келіссөз жүргізуші ретінде Kazakh Invest Қытайдан жаңа инвесторларды нысаналау жұмыстарының аясында қытайлық инвесторлардың жаңа бастамаларын сүйемелдейтінін айтты. Бейжің қаласында ұлттық компанияның Қытайдағы бас өкілдігі жұмыс істейді.

«Жібек жолы қоры мен "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы арасында өндірістік қуаттылықтардың Қазақстан–Қытай қорын құру туралы шекті келісімге қол қойылды. Қор 2016 жылғы желтоқсанда Бейжіңде тіркелген. $2 млрд капиталы бар Қазақстан–Қытай қорын құру ҚР-да инвестициялық белсенділікті дамытуға оң ықпал етеді. Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға осындай ауқымды қордың қатысуы біздің елдеріміз арасындағы экономикалық қатынастарды нығайтуға ықпал етеді», — деп Марат Бірімжан, Kazakh Invest өз құзыреті шегінде Қазақстанда инвестициялық жобаларды сәтті іске асыруға қажетті көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта Қытай Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестиция құю жөнінен көшбасшылардың бірі. Соңғы 10 жылда көрші мемлекет тарапынан инвестициялық жобаларға 15 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Қытай компаниялары еліміздегі индустрия саласына және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді түрде атсалысуда.

2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сыртқы сауда айналым 30%-дан асып, 10,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Айта кету керек, «Бір белдеу – бір жол» Ұлы Жібек Жолын  дамыту идеясын алғаш рет Астана қаласында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин айтқан болатын.

Сонымен қатар, бизнес-форум аясында Қазақстан мен ҚХР арасындағы нақты инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланып, бірқатар екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге