Баспасөз релиздері

SAGUN (Түркия) корпорациясының өкілдері Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді

SAGUN (Түркия) корпорациясының өкілдері Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді

Сапар аясында компанияның вице-президенті Сагун Огулжан Кемал бастаған SAGUN Group түрік корпорациясының өкілдері Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық директоры Айдын Тумышев және ШОБ субъектілерінің басшылары қатысты. Кездесу барысында тараптар облыста балық өсіру саласындағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысын талқылады.


SAGUN Group түрік корпорациясы 1950 жылы құрылған. Корпорация теңіз өнімдерін экспорттау және импорттаумен айналысады, өңделген өнімдерді 35 елдің нарығына жеткізеді.

Бүгінде корпорация құрамында 8 компания, 11 аквамәдениет орталығы, Еуропа мен Түркиядағы алғашқы жеке теңіз өнімдер нарығы, сондай-ақ 25 кеме паркі бар.


Нұрлан Ноғаев өз сөзінде облыстың екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенін айта келе, Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту үшін су ресурстары жеткілікті екенін атап өтті.

«Сізді Қазақстанда көргенімізге қуаныштымыз және елімізде, соның ішінде Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Қолда бар әлеуетті ескере отырып, сондай-ақ түрік тарапының аквамәдениет саласындағы тәжірибесін ескере отырып, біз инвестиция тартуға және осы салада тәжірибе алмасуға әрқашан дайынбыз. Маңғыстау облысында Каспий теңізінің аудандарында торлы қоршауда немесе теңіз жағалауында тоған шаруашылығын ұйымдастыру арқылы албырт және бекіре балық түрлерін өсіруге жағдай жасалған. Біздің облыста 2030 жылға дейін балық өсіру көлемін жылына 30 мыңнан 100 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Мұндай көлемді өсіру үшін балықты жоғары сапалы азықпен қамтамасыз ету маңызды. Біздің кездесуіміз бен талқылауымыз осы бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастық бойынша сындарлы ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Нұрлан Ноғаев.


>

Өңірге жұмыс сапары барысында SAGUN Group түрік корпорациясының өкілдері «Индустриалды балық зауыты» ЖШС басшылығымен кездесіп, оларға жоспарда бар «Каспий теңізінде балық шаруашылығын құру» жобасы туралы айтылды.


Сондай-ақ, SAGUN Group өкілдері Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы «Caspian Riviera» ЖШС және «Kazakh Osetr» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС базасындағы бекіре өсіру зауытын аралап көрді. Серіктестік 2014 жылдан бері бекіре тұқымдас балық өсірумен айналысады. Өнімдер Ақтау қаласының сауда нүктелерінде сатылады. Қазіргі уақытта 38 бассейннің әрқайсысында орыс бекіресінің, сібір бекіресінің, белуга, стерлет, бекіре будандарының шабақтары өсірілуде.




Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге