Баспасөз релиздері

Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Париж, 2021 жылғы 29–30 сәуір – Парижде 29 сәуірде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың және Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы Сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық мәселелері жөніндегі министр-делегат Франк Риестердің қатысуымен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-француз Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 14-ші отырысы өтті.

Екі елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, келіссөздер екі мемлекеттің министрліктері мен компанияларының өкілдерін онлайн қосу арқылы гибридті форматта ұйымдастырылды.

Отандық делегацияны құрамына Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев, Іскерлік кеңестің тең төрағасы Айдан Кәрібжанов және басқа да ресми тұлғалар кірді.

ҮАК отырысы қарсаңында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Фрацнияның Еуропа және сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан телефон арқылы сөйлесті. Сонымен қатар, 26 сәуірде ҮАК тең төрағалары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов пен Ф. Риестер арасында онлайн-келіссөздер өтті. Бұл келіссөздер екіжақты қатынастардың бүкіл спектрі бойынша стратегиялық әріптестік рухында тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға тараптардың бейілділігін тағы да растады.

Пікір алмасу барысында ҮАК қатысушылары энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика, құрылыс, аэроғарыш саласы және қорғаныс-өнеркәсіп кешені сияқты екіжақты өзара іс-қимылдың дәстүрлі салалары бойынша ынтымақтастықты дамытудың жоғары серпінін атап өтті.

Сонымен қатар, ҮАК отырысында жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен және тұрақты даму саласындағы жаңа жобалар мен ұсыныстар талқыланды.

Мысалы, Total Energies компаниясы 1 ГВт күн электр станциясын салу жобасын іске асыру мүмкіндігін зерделеуде, француз үкіметінің 500 мың еуро грантының көмегімен Syctom компаниясы Ақкөл қаласында тамақ қалдықтарын қайта өңдеу демонстраторын іске қосуды жоспарлап отыр, Loste Group компаниясы халал фуагра өндірісін құру бойынша қазақстандық серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ, TAV француз-түрік компаниясы Алматы қаласының әуежайын сатып алу бойынша мәміленің аяқталғанын жариялады және жақын арада оны жаңғыртуға кіріседі.

 Отырыстың қорытындысы бойынша Ф. Риестердің Қазақстанға алдағы сапарының шеңберінде 2030 жылға дейінгі қазақ-француз экономикалық ынтымақтастығының жол картасына қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл құжат екіжақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін белгілейді және екіжақты байланыстарды дамытуға қуатты серпін береді. ҮАК келесі отырысы Қазақстанда өтуі тиіс.

30 сәуірде қазақстандық делегацияның сапарының жалғасы ретінде Франция бизнесінің ең ірі қауымдастығы – MEDEF алаңында Orano, Alstom, Air luiquide, Airbus, Vicat, Idemia, ADP, Egis, Iveco France, Suez International, Thales сияқты француз компанияларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында сауда байланыстарын пост-пандемиялық дамыту және ынтымақтастықтың келешегі мол бағыттары бойынша толық пікір алмасу өтті. Medef делегациясы Ф. Риестерді Қазақстанға сапары барысында сүйемелдейді және Нұр-Сұлтандағы нәтижелі келіссөздерге дайын.

Сондай-ақ, Париждегі ҚР Елшілігінде Сыртқы істер министрінің орынбасары А. Айдаров пен PCM компаниясы Бас директорының орынбасары Фредерик Гард арасында Ақтау қаласында мұнай-газ және тамақ өнеркәсібіне арналған бұрандалы сорғылар өндірісін ашу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоба бес жыл ішінде 5 млн. еуроға дейін инвестиция салуды көздейді.

Сонымен қатар, «ADEO» тобының ТМД елдері бойынша өңірлік директоры Дэвид Глассонмен кездесу өтті, ол «Leroy Merlin» сынды үйге арналған тауарларды сату және жөндеу дүкендерінің сауда желісін кеңейту жоспарлары туралы айтып берді.

Өткізілген кездесулер мен келіссөздер француз бизнесінің пандемияға байланысты тоқтатылған өзара тиімді жобаларды белсенді түрде пысықтауды қайта бастауға деген үлкен ықыласын көрсетті.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге