Баспасөз релиздері

Германияда өткен форум аясында $160 млн-ға меморандумдарға қол қойылды

Германияда өткен форум аясында $160 млн-ға меморандумдарға қол қойылды

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Германия өнеркәсібінің өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, сондай-ақ Германияның іскер топтарының қатысуымен өткен дөңгелек үстел аясында 10 млрд АҚШ долларынан астам сомаға тау-кен металлургия, машина жасау және медицина саласындағы инвестициялық жобаларды таныстырды.

Іс-шаралар Президент Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы ГФР-ға ресми сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмалары шеңберінде, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. В. Склярдың басшылығымен герман инвесторларымен өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі жұмыс тобының қызметі шеңберінде жүргізіледі.

«Бұл топтың Қазақстанның ешбір елмен сауда-инвестициялық қарым-қатынасында баламасы жоқ. Қазақстан Үкіметі неміс бизнесіне эксклюзивті шаралар жиынтығын ұсынады, бұл Қазақстан мен Германия ынтымақтастығының сапалы жаңа кезеңінің басталуының жарқын дәлелі», - деп атап өтті А.Айдаров.

Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Өзбеков неміс тарапына Қазақстан экономикасының басым салаларында жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін ұсынды.

Сондай-ақ форумда Herrenknecht AG Басқармасының Төрағасы доктор Мартин Херренкнехт, Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, DB Engineering & Consulting GmbH Бас директоры Нико Варбанофф, ГФР Экономика және энергетика федералдық министрлігінің шикізат саясаты бөлімінің басшысы доктор Томас Гекле сөз сөйледі.

Спикерлер өз сөздерінде Қазақстан мен Германия арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарын тереңдетудің, инвестициялық әріптестікті дамытудың және ГФР-дан озық технологиялар трансфертінің маңыздылығын атап өтті.

Екіжақты кездесулер барысында А.Айдаров және ҚР делегациясының басқа да қатысушылары герман компанияларының басшыларымен әріптестікті дамыту және нақты бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша $160 млн-нан астам ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және денсаулық сақтау салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру туралы құжаттарға қол қойылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге