Баспасөз релиздері

Қазақстандық және нидерландтық шаруагерлер ынтымақтастықтарын кеңейтуде

Қазақстандық және нидерландтық шаруагерлер ынтымақтастықтарын кеңейтуде

Үкіметтің үстіміздегі жылдың ақпан айындағы кеңейтілген отырысында жариялаған  аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағыттарын ескере отырып, Қазақстан республикасының Елшілігі 11-15 наурызда «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясымен» бірлесіп, қазақстандық ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің Нидерланд Корольдігіне сапарын ұйымдастырды.

Сапар барысында отандық кәсіпкерлер Нидерландтың ірі жоғары технологиялық ауылшаруашылық кәсіпорындары мен ғылыми-зерттеу институттарын аралап, заманауи үдерістермен және технологиялармен танысты.

«Ауылшаруашылық саласындағы озық технологиялық инновациялар» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында, нидерландтық 60 кәсіпкерге Қазақстандағы ауылшаруашылық саласының инвестициялық ахуалы мен әлеуеті таныстырылып, келешек ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Еуропалық қайта құру және даму банкі менеджері Әсел Айтқожина өз сөзінің барысында Қазақстанның бизнес әлеуетінің тартымдылығына баса мән беріп, ЕҚҚДБ-ның қазақстандық инновациялық жобаларды қаржыландыру мүмкіншіліктерін атап өтті. «B2B» үлгісінде өткен арнайы сессияда қазақстандық кәсіперлер нидерландтық ықтимал серіктестерімен тақырыптық келіссөздерін одан әрі жалғастырды.

«Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаевтың айтуынша, «Нидерландқа жасалған сапар ауылшаруашылық саласындағы заманауи озық технологиялар мен мүмкіншіліктерге жаңа қырынан қарауға себеп болды. Нидерландтық компаниялармен іскерлік ынтымақтастықтың және ауылшаруашылығын жүргізудегі озық технологияларды енгізудің зор мүмкіншіліктері барына көзіміз жетті».

Сапардың басты нәтижелерінің бірі – ҚР-да Нидерландтың жетекші «Вахенинген» ғылыми-зерттеу орталығының қатысуымен аграрлық парк кешенін құру мүмкіншілігі болды. Парк құру Мемлекет басшысының қазақстандық агросекторды дамытуға қатысты белгілеген тапсырмасына сай келіп, Қазақстанда ауылшаруашылық саласындағы жоғары технологиялық және тиімді кластерді дамытуға негіз бола алады.

«Вахенинген» университетінің агропарк және тағамдық кластер саласының маманы Питер Смитс: «Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуеті зор. Нидерланд  тарапы  кешенді өндірістік кластерге қажет технологияларға ие. Аталған екі факторды біріктіру ынтымақтастықтың өзектілігі мен тиімділігін арттырады», - деп атап өтті.

Айта кетерлігі, Нидерланд АҚШ-тан кейінгі әлемдік ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы, жыл сайын 80 млрд. еуродан астам сома көлемінде ауылшаруашылық өнімдерін экспорттап, елдің Жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын құрап отыр.

Сапар Қазақстан – Нидерланд Іскерлік Кеңесі атынан Нидерланд «VNO-NCW» өнеркәсіп иелері мен жұмыс берушілер Конфедерациясы, «Royal Dutch Shell» және «ERG» компанияларының қолдауымен ұйымдастырылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге