Баспасөз релиздері

Қазақстан «жасыл» сутегі өндірісі бойынша бәсекеге қосылды

Қазақстан «жасыл» сутегі өндірісі бойынша бәсекеге қосылды

Лулео, 2021 жылдың 9 қазаны – Неміс инвесторлары Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндірісін жолға қоймақ. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бастаған қазақстандық делегацияның Швецияға сапары аясында ұйымдастырылған «SVEVIND» неміс компаниясының Президенті Вольфганг Кропппен кездесу барысында жобаны іске асырудың жол картасына қол қойылды.

«SVEVIND» компаниясының қызметі «жасыл» сутегінің ауқымды өндірісі арқылы Қазақстанда төмен көміртекті энергетиканы одан әрі дамыту шеңберінде тартылатын ресурстарды ұзақ мерзімді инвестициялауға және оны ЕО мен басқа да шетел нарыққа одан әрі экспорттауға бағытталған.

Инвестор қуаттылығы 30 ГВт болатын жел және күн электр станцияларын салуды және осы ресурстар есебінен жылына 2 млн тоннаға дейін сутегі өндіруді жоспарлап отыр.

«Біздің компания Қазақстанның табиғи ресурстарын біріктіру арқылы Қазақстан мен Еуразияны экологиялық таза, тұрақты энергиямен қамтамасыз ету бойынша жобаларды әзірлеуге ұмтылады. Жобаны іске асыру Қазақстанды жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарына шығармақ. Жобаны әрі қарай дамытуда келесі қадамдардың бірін жасағанымызға өте қуаныштымыз және Қазақстан үкіметіне көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғысымызды білдіреміз», - деп атап өтті «SVEVIND» Президенті Вольфганг Кропп.

«Сутегі энергетикасы болашақта энергияны өндірудің барлық дәстүрлі әдістерін ығыстыра алатын әлеуетті салалардың бірі. Қазіргі уақытта бізге жел, күн, су, жер сияқты барлық қажетті ресурстар, сондай-ақ стратегиялық инвестор саналатын «SVEVIND» компаниясының ноу-хауы қолжетімді. Алда бізді қызықты, ауқымды және күрделі жобалар күтіп тұр», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров «SVEVIND» компаниясының басшысымен кездесу барысында.

Сондай-ақ сапар аясында қазақстандық делегация компанияның Швециядағы қолданыстағы жобасы – Еуропадағы ең ірі жел паркі болып табылатын «Markbygden 1101» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Ағымдағы жылдың маусым айында «SVEVIND» компаниясы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат шеңберінде ұлттық компания мен тиісті мемлекеттік органдар тарапынан инвесторларға рұқсат беру құжаттамасын алудан бастап жобаны пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерде толық қолдау және жан-жақты көмек көрсетілетін болады.

Анықтама: «SVEVIND» жаңартылатын энергия көздері саласында ірі ауқымды жобаларды іске асыруда көп жылдық тәжірибесі бар неміс компаниясы. Ол жер үсті жел генерациялау кешенінің Еуропадағы ең ірі жобасын - қуаты 4 ГВт астам «Markbygden 1101» жел парктерінің кластерін іске асырды. Компания Швеция, Финляндия және Германия нарықтарында ұсынылған.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге