Баспасөз релиздері

Қазақстан мен АҚШ: инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

Қазақстан мен АҚШ: инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

Қазақстан мен АҚШ Қазақстан-Америка инвестициялық форумы аясында ұйымдастырылған экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Онлайн-іс-шара барысында тараптар экономиканың агроөнеркәсіптік және тау-кен металлургия кешендері, энергетика, цифрлық трансформация және т.б. сияқты салаларындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін қарастырды. Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына арналған екі күндік іс-шараға трансұлттық компаниялардың басшыларын, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басшыларын қоса алғанда, 500-ге жуық делегат қатысты.

Форумды ашқан АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанна Кларк, АҚШ Сауда палатасының Халықаралық даму жөніндегі аға Вице-президенті Хуш Чокси, сондай-ақ Америка-Қазақстан Іскерлік кеңесінің төрағасы, «Chevron» компаниясының Бас атқарушы директоры Майкл Вирт құттықтау сөз сөйледі. 

Мұхтар Тілеуберді Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің қол жеткізілген деңгейін және соңғы 30 жылда елімізге тартылған америкалық инвестициялардың елеулі көлемін атап өтті. Ол форум екі ел компанияларының сауда-экономикалық өзара іс-қимылын тереңдетуге қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

«Ситибанк Қазақстан» АҚ Бас директоры Андрей Курилин модератор болған АҚШ пен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналған пленарлық сессия барысында пандемиядан кейінгі кезеңдегі жаңа инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды. Спикерлер ретінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы - АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, ҚР сауда және интеграция министрі Бахыт Сұлтанов, «Атамекен» ҰКП Төрағасы Абылай Мырзахметов, «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Office of the U.S Trade Representative» өкілі Крис Уилсон, сондай-ақ «UPS» компаниясының қоғаммен байланыс және тұрақты даму жөніндегі Президенті Пенни Наас сөз сөйледі. 

«Соңғы 3 онжылдықта американдық компаниялар Қазақстан экономикасына 53,7 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 600-ден астам американдық компания жұмыс істейді. Соңғы жылдары американдық бизнестің өңдеу салаларына, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенге, сондай-ақ машина жасау, көлік және логистика салаларына қызығушылығының біртіндеп өсуі байқалды. 2019 жылы АҚШ-тан тікелей инвестициялар көлемі рекордтық деңгейге $5,5 млрд жетті, бұл елдегі инвестициялардың жалпы ағынының төрттен бірін құрайды. Біз пандемиядан кейінгі кезеңде көрсеткіштерді қалпына келтіру және өсу бойынша америкалық әріптестермен одан әрі белсенді жұмыс істеуге дайынбыз», - деп атап өтті өз сөзінде Мейіржан Юсупов

Сонымен қатар, панельдік сессия шеңберінде ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіру салаларын дамыту мәселелері талқыланды, онда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, АҚШ АШМ шетелдік ауыл шаруашылығы қызметі әкімшісінің орынбасары Клэй Гамильтон, сондай-ақ «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ, «Tyson Foods», «Valmont», «Coca-Cola», «Mars», «Kusto Group» және т. б. компаниялардың топ-менеджерлері баяндама жасады. Сараптамалық кездесу барысында тараптар қазіргі заманғы агроөнеркәсіптік кешенді, өңдеу өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ тұрақты ауыл шаруашылығына көшу туралы өз ойларымен бөлісті.

Айта кету керек, іс-шараның екінші күні аясында панельдік сессиялар өткізіліп, тараптар энергетика, тау-кен өнеркәсібі және цифрлық трансформация салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Панельдік сессиялардың спикерлері ретінде ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев және АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Вилльям Мозер, сондай-ақ «Amazon Web Services», «Kaspi», «IHS Markit», «Macro-Advisory», «MasterCard» және т. б. ірі компаниялардың өкілдері қатысты. 

Форумды ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР АҚШ-тағы Елшілігі, «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ және АҚШ Сауда палатасы «Атамекен» ҰКП, «Coca-Cola» және «MasterCard» қолдауымен ұйымдастырды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге