Баспасөз релиздері

Қазақстан мен Германия денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады

Қазақстан мен Германия денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады

Іс-шара денсаулық сақтау саласындағы қазақстан-герман ынтымақтастығын тереңдетуге арналған. Онлайн-кездесуге фармацевтика және медициналық бұйымдар саласындағы жетекші герман компанияларының басшылары, сондай-ақ ГФР мемлекеттік органдары мен бизнес-ұйымдарының өкілдері, оның ішінде федералдық денсаулық сақтау министрлігі, Герман медициналық альянсы (German Health Alliance), Германия өнеркәсібінің Федералдық одағы (BDI) және т. б. 50-ге жуық адам қатысты.

Онлайн-кездесу барысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру және жаңғырту, озық технологиялар мен телемедицинаны енгізу, ҚР аумағында дәрілік заттар мен медициналық техника өндірісін құру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және кәсіби кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Кәріпов өз сөзінде Германиядан келген әріптестерін ҚР Үкіметінің COVID-19 пандемиясын тежеу және елдің денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Петропавл және Қостанай қалаларында денсаулық сақтау саласындағы 8 жобаны іске асыру бойынша әлеуетті жеке серіктестермен келіссөздер жүргізілуде.

Спикер атап өткендей, экономикалық дағдарысқа қарамастан, денсаулық сақтау жүйесін кешенді дамыту үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. ҚР Үкіметінің алдында осы жылдың соңына дейін өңірлерде 13 жұқпалы аурулар ауруханасын салу бойынша міндеті тұр. Ал 2025 жылға дейін 20 заманауи көпфункционалды денсаулық сақтау нысандарын құру қажет. Жобаларға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі $3,5 млрд құрайды, іске асыруға шетелдік бизнесті де тарту жоспарлануда.

Денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық әлеуетті Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрлері, Алматы қ. АЭА өкілдері таныстырды.

Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысу перспективаларына радиологиялық, электрмедициналық сала және денсаулық сақтаудағы ақпараттық технологиялар жөніндегі Еуропалық үйлестіру комитетінің (COCIR) Президенті, «Siemens Healthineers» Вице-президенті Бернт Бибер және «German Health Alliance (GHA)» Альянсының Басқарма Төрағасы Роланд Геде ерекше назар аударды. Олар МЖӘ жобаларын іске асыру және саланы цифрландыру кезінде ынтымақтастыққа мүдделілігін атап өтті. Сондай-ақ, «German Health Alliance (GHA)» Альянсының Басқарма Төрағасы денсаулық сақтау саласындағы тар бейінді мамандарды оқыту, тәжірибе алмасу бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Іс-шара соңында екіжақты ынтымақтастықты дамыту, қазақстандық және германиялық бизнесмендер арасында тікелей байланыстар орнату және ҚР аумағында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша нақты қадамдар туралы пікір алмасылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге